Төтенше жағдайлар қызметі тасқынға қарсы шараларды күшейтіп тас-түйін әзір отыр.
Жергілікті билік, полиция, тіпті әскерилер де күні түн күзетте. Күннің көзі жібігенмен қазір су жүре қойған жоқ. Шығыс Қазақстан облысындағы өзендердің деңгейі әзірге қауіпті межеден төмен. Сең жүрсе, кептеліс тумас үшін мұз жару жұмыстары жүргізілді. Ал Глубокое ауданында өзен арналарын бұруға тура келді.
Глубокое ауданындағы коммуналдық қызмет мамандары тәуліктік жұмыс кестесіне көшті. Олар өзеннің қалың мұзын арнайы құрылғымен кесіп жатыр. 2018 жылы бұл жерде мұз кептелесі болып, 50 үйді су басқан болатын. Қазір ондай қауіп жоқ.
Аян Мәкиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
- Көктемгі тасқынның алдын алу үшін мұзды кесіп, өзен арнасын аштық. Сонымен қатар арықтарды тазартып, судың өтуіне мүмкіндік жасалды.
Қауіпті аймақтарда кешенді инженерлік шаралар атқарылды. Қазір 4 ауылдың маңынан өтетін Үлбі өзенінің арнасы бұрылды. Ал елді мекендерге бойлай бөгет салынды. Глубокое ауданында 15 ауыл бақылауға алынған.
Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:
- Қазір 5 ауыл бойынша қауіп сейілді. Глубачанка өзенінде көктемгі тасқынға қарсы шаралар атқарылды. Белоусовка елді мекенінде жұмыс жалғасады.
Өңірдегі көктемгі тасқын жағдайы жерден де, көктен де бақыланады. Мамандар қауіпті аймақтарды тікұшақпен шарлап, ұшу аппараттарымен қадағалап отыр. Қазір Алтай тауындағы қардың еруі басты назарға алынған.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов
Тегтер #ШҚО #тау #өзен #су тасқыны #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz