Аралды сауықтыруға Орталық Азия тұрмақ өзге де мемлекеттер мүдделі болуы тиіс.
Себебі бұл аймақтық емес, жаһандық проблема. Ғалымдар теңіздің тартылуы салдарынан шаң мен улы тұз желмен көкке көтеріліп, тозаңы Еуропа мен Антарктидаға дейін жеткенін айтады. Жалпы қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамуын қамтамасыз ету – жер-жиһанға ортақ іс. Өйткені экология адам қолымен жасалатын технология емес. Экология тұтастық ұғымын білдіреді. Сондықтан осы бағытта білімді көтеріп, мәдениетті арттырып, баянды бағдарламалар жасалуы тиіс. Астанадғы экологиялық саммит аясында сан тақырып талқыға салынады. Соның ең негізгісі, тіршіліктің күре тамыры - су турасында талдау көп.
«Арал тағдыры – адам тағдыры». Сырдария мен Әмудария маңын мекендеген 5 млн-ға жуық жұрттың ұрты бағзыдай толы емес. Негізі үш тіршілік көзін бөліп-жаруға болмайды. Бір бүтін. Бірінің өзегін бірі жалғап, нәрленетін. Әйтсе де дәрмені әлсіреді. Қай-қайсысы да суға қарық емес. Қазақ пен өзбек суармалы жерлеріне алаңдаса, қырғыз бен тәжікке энергетика мәселесі бас ауру. Осылайша айдынды кемеріне келтіру - Орталық Азияның көп жылдан бері ортақ проблемасына айналды. Солай бола тұрып, арада келісті келісім жоқ.
Ерлан Бадашев, су саласы бойынша халықаралық сарапшы:
- Соның аясында осы күнге дейін жақсылы-жаманды суды бөлісіп келеміз. Сырдария суын. Бірақ сол келісімнен 10 шақты жыл болды, Қырғызстан шығып кетті. Тағы бір айтатынымыз ол келісім ратификациядан өтілмеген. Сосын ең қызығы, ол кездегі су бөлу схемамен жасалады. Сырдарияның 30 млрд суын мысалы өзбекке қанша, бізге қанша деп бөліп беретін суды сол кездегі кеңес өкіметінің гос план деген мемлекеттік бақылау комитеті күшті болды. Соның сызбасымен, соның схемасымен жасалған. Қазіргі таңда оны сотқа берсек жеңе алмаймыз. Өйткені жоқ мемлекеттің схемасы.
Экологиялық саммиттің салмағы да осында. Орталық Азия елдері бір-біріне обал жасамау үшін олқы тұстарды оңтайлап алуы тиіс. Мәселе көп болғанымен мәміле біреу. Ол – су дипломатиясы. Президент осы ұғымды ұғындыруға ұмтылып жүр.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президент /Астана, 09.07.2025/
Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды.
Саммит аясында суды басқарудың жаһандық реформасы жайлы сөз болады. Сосын сатылай түсіп, контингенттік және бассейндік үйлестіру мәселесі де көтеріледі. Өйткені, жергілікті жерден жіктеп, жүйелемесе түбі әлем әбігерге түседі. Әуре-сарсаңға қазірдің өзінде куә болып жүрміз.
Болат Есекин, Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі орталық азия платформасының үйлестірушісі:
- Әсіресе суды бассейндік басқару маңызды. Өйткені біздің басқару секторларға бөлінген. Бұлар – ауыл шаруашылығы, энергетика, сауда, экология, өнеркәсіп. Осылай тізім жеке-жеке. Міне солар жалпы су жағдайын ескермей ресурсты алып жатыр. Ал бассейндік басқару кезінде жоғарыда аталғандардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, су көзінен бастап, бір-біріне қалай әсер етіп жатқанын бағамдауға болады. Бұл прогрессивті қадам. Франция, Канада сияқты елдерде тиімділігін көрсеткен.
Табиғат қиянатты ұмытпайды. Қасарысқанға қасақана зиянын тигізуі бек мүмкін. Осы ретте тағы бір тарқатылмақ өзекті тақырып: өзен-көлдерді кемеліне келтіру. Бөгет салып, сағасын бұрып, арнасын тарылтып, ластап алғанымыз анық. Сондықтан «ауруын жасырған өледінің» керіне түспей, су ағынын реттеу қажет, дейді спикерлер. Бұдан бөлек халықаралық су ұйымын құру жайы айтылады. Қатысушылар су тапшылығы мен сын-қатерлері күшейіп келе жатқан елдерді қолдау үшін БҰҰ-ның мандатын талқылайды. Орталық Азиядағы су секторын тұрақты қаржыландыру қуқары қаралады. Себебі климаттың өзгеруі, халық санының өсуі суға сұранысты еселей түсті. Қазіргі трансшекаралық сипат және инфрақұрылымның нашарлауы да қысымды күшейтті. Соның бәрі тұрақты және ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін іздеуді талап етеді.
Нысаналы Ығыл, Ақылбек Есімсейіт
Тегтер #Қазақстан жаңалықтары #суды үнемдеу #24KZ #Арал теңізіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz