Экология саласының күрмеуі жаһан бойынша қиындап барады.
Әлем елдері мәселені тиімді шешудің жалғыз жолы бірлесіп әрекет ету екенінің маңыздылығын түсініп, соған барынша күш салып жатыр. Мысалы, Орталық Азияның өзінде 10 млн адам ауыз суға зәру. Өңір елдері бұдан басқа қандай экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр және оларды шешу үшін қандай шаралар қолға алынған?
Өзбекстанда кейінгі жылдары шаңды дауыл жиі тұра бастады. Елдің бірнеше қаласында құмды жел соғып, құрғақшылық белең алды. Мамандар жағдайды ғаламдық жылынумен байланыстырып отыр. Оның үстіне ауада шаңның көбеюінен адамдардың тыныс жолдары ауруларына шалдығуы артқан. Осы себепті былтыр мәселені шешу үшін жаңа инновациялық жоба іске қосылды. Елге атмосфераға әсер ететін бұлттардың пайда болуына және жауын-шашынға ықпал ететін арнайы техника жеткізілді. Бұл табиғи су көздеріне тәуелділікті азайтып, егіншілік пен мал шаруашылығында өнімділікті арттыруға көмектеседі деген сенім бар.
Қырғызстан
Қырғызстанда да шешімін таппай келе жатқан экологиялық мәселе көп. Соның бірі қоршаған ортаның полиэтилен және пластик заттармен ластануы. Осыған байланысты елдің Ыстықкөл курорттық аймағында онымен күрес күшейтілген. Енді бұл өңірде осы заттарды пайдаланғандарға айыппұл салынады. Шара жергілікті тұрғындарға ғана емес, шекара асып демалуға келгендерге де қатысты. Заңға сәйкес тәртіпті бірінші рет бұзған адамға ескерту жасалады. Ал екінші рет қайталанған жағдайда, айыппұл салынады. Билік өкілдерінің айтуынша, шектеу шаралары полимердің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға бағытталған.
Түрікменстан
Түрікменстанда негізгі экологиялық мәселе – топырақ пен жерасты суларының ластануы. Бұл әсіресе Амудария бойы мен Мургаб оазисі аймағында айқын байқалады. Мамандар жағдайды мақта алқаптарында тыңайтқыштарды шамадан тыс қолданумен байланыстырады. Оның тек 15-40 пайызы ғана өсімдікке сіңіп, қалған бөлігі топыраққа терең бойлап, жерасты суларына тарайтын көрінеді. Елде улы химикатқа жолағандардың денсаулығы сыр берген жағдайлар да тіркелген. Сарапшылар мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығында бақылауды күшейтіп, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу қажет екенін алға тартып отыр.
Тәжікстан
Орталық Азиядағы су ресурстарының едәуір бөлігі Тәжікстан аумағында қалыптасады. Сондықтан ел билігі мұздықтарды сақтау бастамаларына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстары мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар жергілікті билік жасыл экономикаға көшу саясаты жүзеге асыруға көшкен. Атап айтқанда, таза энергия қуатын арттыру, электр көліктеріне көшу және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану көзделген.
Нұрбике Жігер
Тегтер #Орталық Азия #Өңірлік экологиялық саммит #RES 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz