Батыс Қазақстан облысында сәуірдің басынан бері бөкендер белгісіз індетке шалдығып, баудай түсіп жатыр.
Киіктің ауруы ірі қараға да жұғып, мал өле бастаған. Облыс әкімдігі таяу күндері аудандарда комиссия құрылатынын айтады. Ауру мал мен киіктен алынған сынама өткен аптада Астанадағы жұқпалы ауруларды анықтайтын орталыққа жіберіліпті. Талдау қорытындысы 20 күнде дайын болмақ.
Батыс Қазақстан облысында сәуірдің басынан бері бөкендер белгісіз індетке шалдығып, баудай түсіп жатыр. Киіктің ауруы ірі қараға да жұғып, мал өле бастаған. Облыс әкімдігі таяу күндері аудандарда комиссия құрылатынын айтады. Ауру мал мен киіктен алынған сынама өткен аптада Астанадағы жұқпалы ауруларды анықтайтын орталыққа жіберіліпті. Талдау қорытындысы 20 күнде дайын болмақ.
Бөкей Ордасы ауданына қарасты Тайғара ауылында 20 шақты түтін бар. Тірлігі төрт түлікке тәуелді алақандай ауыл көктем туып, елдің ерні аққа, малдың аузы көкке тиді деп қуанған. Алайда көлденеңнен келген кесел ауыл тірлігін астан-кестен қылды.
Қуандық Ерсайынұлы, Тайғара ауылының тұрғыны:
- Далада өлген киік көп дейді. Және де осы малдар сияқты шөп ештеңе жемей, аузынан сілекейі ағып, көпіріп әр жерде өліп жатқан. Содан жұққан ауру ғой. Ауылда 95 пайыз ауырып тұр ғой малдың.
Әзілхан Биарыстанов туған ауылына екі жыл бұрын оралыпты. Жеңілдетілген несиеге мал алып, шаруа қожалығын ашқан. 50 шақты ірі қарасы бар еді. Бір апта бұрын басталған аурудан әуелі бұзау, одан баспақ, енді үлкен сиырлар өле бастапты. Малдың аузына жара шығады, қызуы көтеріледі, тәбеті жойылады.
Әзілхан Биарыстанов, Тайғара ауылының тұрғыны:
- 10 шақты бұзау, 10 шақты баспақ. 20 бас өлді. Өлгендерін бірден мал моласына жіберіп жатырмыз. Мал дәрігерлері көрді басында өліп жатқандарды. Тәуір болды деп шығарып жатқан бұзауларды, сиырларды, далаға бұзауымен шығарып жібергем. Бүгін таңмен барсам, бұзаулар өліп жатыр, сиырлар қырылдап-дірілдеп тұр, жүрмейді. Бүгін жетінші күн ауыздарын, тұз, иод, марганцовка бәрін істеп жатырмыз. Ештеңе көмек бермей тұр. Қалғандары да өлетін болар деп тұрмын. 7 күн тамақ ішкен жоқ.
Қазір Бөкей Ордасынан басқа, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарында ірі қара жаппай ауыра бастаған. Дәл осындай індет қыстың ортасында Ақжайық ауданының Шабдаржап, Атамекен ауылдарында тіркеліп, сол кезде ринотрахеит деген диагноз қойылған.
Мамандар мына ауру да сол шығар деп топшылап отыр. Өткен аптада киік пен малдан жаңадан сынама алынып, Астанадағы референттік орталыққа жіберіліпті. Талдау нәтижесі 20 күнде жетпек.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Өлім тіркеліп тұрған жоқ. Емдеуге келеді. Кейбір малдар деген бір күнде емделсе, кейбір малдар үш-төрт күнге созылып жатыр аурулары. Енді әрине бұл жерде деген біздер киіктің әсері жоқ деп айта алмаймыз. Киік деген енді бос жүргесін, ешқандай жаңағы вакцинация жасалмағасын әрине ол ондай аурулар болуға мүмкін. Сол себептен жалпы министрліктің алдында, ертең деген СИТЕС-тің несі келе жатыр, бас директоры. Сонымен кездесу болады. Біздер қойып тұрған қазір мәселе бұны деген экспортты бізге жол ашу керек. Экспортқа егер де экспортқа жол ашсақ онда деген аулаудың жаңағы көлемін де көбейтуге болады.
Былтырғы санақ бойынша өңірде 2 млн 300 мың киік бар. Биыл бөкен басы кемі 3 млн жарымға жеткені анық. Егер киік санын адамзат азайтпаса, азығы азайып, ағзасы әлсіреген бөкендер өздері індеттен баудай түседі. Бұл ғалымдардың пікірі. Биылғы індет киік санының өзін-өзі реттеу процесінің басы, - дейді мамандар.
Әлжан Шәмшідін, биология ғылымдарының докторы:
- Ол жерде пастереллезге де келеді, сыртпен қараған кезде аусылдың да белгілері көрінеді. Бірақ нақты мынандай ауру екен деп айту, тағы да қайталап айтамын, зертханадан нәтижесі шықпайынша оны айту мүмкін емес. Нәтижесін айтқаннан кейін барып қана іс-шаралар қолданылады. Оған дейін ешқандай іс-шара қолдануға қақысы жоқ ешкімге. Егер де мемлекеттік инспектор нақтылап жаңағы аса қатерлі ауру екенін нақтылап айтса, жаңағы киікте, болмаса ірі қарада, сол жердегі жануарларды толықтай жоюға тура келеді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі эпизоотиялық ахуалға байланысты аудандарда комиссия құрылмақ. Талдау нәтижесі шыққаннан кейін өзге де нақты шешімдер қабылданатын болады.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Қ. Ақрап
Тегтер #БҚО #киіктер #індет #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz