Орталық Азия елдері мен ДДҰ Арал өңірінің экологиясы мен халық денсаулығы жөніндегі бірлескен құжатқа қол қойды.
Меморандум аясында Арал аймағында терең зерттеу жүргізіліп, жылдар бойы қордаланған мәселелердің нақты шешімдері ұсынылмақ. Астанадағы өңірлік экологиялық форум алаңында осы тақырыпқа арналған панельдік сессия өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Орталық Азия және Әзербайжан елдерінің денсаулық сақтау министрлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қатысты. Жиында сөз сөйлеген Премьер-Министрдің Орынбасары Аида Балаева Қазақстан Президентінің экологиялық мәдениет пен халықаралық экологиялық күн тәртібін қалыптастырудағы жеке ролін атап өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы Арал теңізінің құрғауының салдары болды. Соңғы елу жылда теңіз көлемінің 90%-дан астамын жоғалтты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Арал өңірінде 3 млн-нан астам адам тұрады және аурулардың 40% экологиялық факторларға байланысты. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Арал дағдарысының ортасында тұрған Қызылорда облысы денсаулық сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалғанын атап өтті. Өңірдегі ахуалды жақсарту жұмыстары төрт негізгі бағытқа бөлінеді. Олар экологиялық ауруларға қарсы күрес, медициналық инфрақұрылымды дамыту, кадрлармен қамтамасыз ету және қауіпсіз су, санитария және ауа сапасына қатысты. Бұл бағыттардың әрқайсысы халық денсаулығын қорғаудың кешенді тәсілін қамтиды. Аралдың экологиялық дағдарысы тұтас өңірдің ортақ мәселесі. Сондықтан бірлескен құжат түйткілдің тиімді шешімдерін ұсынуға түрткі болады дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма басшысының орынбасары:
- Бұл мемеорандум аясында алдағы уақытта Арал өңірінің ахуалы жөнінде кешенді тереңдетілген зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде зардап шегіп жатқан халықтың денсаулығы зерттеледі. Әрине экологияны тек қана бір мемлекет шеше алмайды, сол тұрғыдан бұл үлкен мәселені мемлекеттер арасында бірге байланыс болып, бірге бағытта жұмыс істеу қаралып отыр. Адамдарға әсер етіп жатқан экологиялық ахуалы әлі де зерттелмеген тереңдетіліп, сол тұрғыда бүгінгі қол қойылған меморандумның маңыздылығы өте жоғары.
Тегтер #RES 2026 #Орталық Азия #ДДҰ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz