Өңірлік экологиялық саммиттің үшінші күні аясында сессиялар басталып жатыр.
Бүгін су секторын дамыту, топырақ тозуының алдын алу сияқты мәселелер талқыланады. Кезекті сессиялар негізінде қандай жаңа келісімдер жасалуы мүмкін?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бүгін өңірлік экологиялық саммиттің үшінші күні. Дәл қазір күн тәртібіне сәйкес, сессиялар басталып жатыр. Халықаралық жиын экологиялық мәселелерді жан-жақты талқылап, бірлесе шешім қабылдайтын ашық алаңға айналды. Өткен 2 күн ішінде маңызды бастамалар көтеріліп, бірқатар келісім жасалды. Әсіресе Каспий мен Аралдың жай-күйі, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелер сөз болды. Бүгін де өзекті тақырыптар талқыланады. Ең алдымен су секторына тағы басымдық беріледі. Су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру, климаттық сын-қатерлерге бейімделген техникалық және қаржылық тетіктерді дамытуға арналған ұсыныстар айтылады. Соның негізінде екі бірдей Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Халықаралық су шаруашылығы институты Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Орталық Азияның өңірлік экология орталығымен келісім жасайды. Аймақтағы елдер Су Кодексіне ерекше мән бере бастады. Қазақстанда мұндай құжат былтыр жаңартылды. Мамандар заңда алғаш рет "экологиялық ағын" ұғымын қалыптастырды.
Серікжан Мұратбекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшысы:
- Біздің Су Кодексімізде бірінші кезекте "экологиялық ағын" деген ұғымды енгізіп жатырмыз. Ол біздің су объектілерімізде, өзендерімізде бірінші кезекте олардың су ағынын сақтай отырып, одан кейін қалған бөлігін біздің шаруашылықтардың қажеттілігіне бөліп беруіміз қажет. Яғни бұл дегеніміз біз климаттың өзгеруіне шаруалардың сұранысын ескере отырып, тепе-теңдікті сақтау мақсатында осындай реформалар жүргізіліп жатыр.
Тегтер #RES 2026 #Өңірлік экологиялық саммит #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz