RU
Толық нұсқаға өту

Қонаевта халық сенбілікке белсене қатысып жүр

25.04.2026, 17:48 35

Қонаев қаласында 2 мың түп көшет егілді.

«Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында Алматы облысында ауқымды сенбілік өтті. Игі шара өңірдің 9 ауданы мен 2 қаласын қамтып, 40 мыңнан астам тұрғынның басын біріктірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоршаған ортаны жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында 500 түп көшет егілді.  Іс-шараға облыс әкімдігі, мәслихат депутаттары, жастар мен қала тұрғындары белсенді қатысты. Сонымен қатар экологиялық акцияға 750 кәсіпорын мен 7 мыңнан астам жеке кәсіпкер атсалысты.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы өзі құттықтау сөзінде айтып кетті "бұл ұлттық стратегия" деп. Шынымен де бірнеше жыл болды осы Таза Қазақстан аясында біраз жұмыс уже бізде қалыптасып қалды. Біздің облысқа келетін болсақ,7 сенбілік өткіздік, 200 мыңға жуық халық қатысты. Бүгінде халық белсенді қатысуда.  Қонаев қаласының өзінде 2000 жуық ағаш егіледі, жалпы облыс бойынша 19 мыңға жуық ағаш егілетін болады.

Жалпы облыс бойынша өткен сенбілікке 40 мыңнан астам адам қатысып, 700 гектар аумақ тазартылды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 2 мың тонна қоқыс шығарылды. Іс шара барысында ағаш егумен қатар, аулалар мен қоғамдық орындар тазаланды.

Диана Қанатова, экобелсенді:

- Қазіргі таңда өздеріңіз байқасыңыздар, экологиялық тұрғыдан ағаштар аз боп жатыр. Егер өзің тұрып жатқан тұрғылықты мекеніңде, айналаңның бәрінде жасыл ағаштармен отырғызылған болса, одан асқан біз үшін, жастар үшін жалпы бақыт жоқ деп ойлаймын. Сол себепті бұндай акциялар өте маңызды.

Жалпы Алматы облысында елді 2026-2030 жылдарға арналған өңірлік жоспарға сәйкес, жыл сайын облыста 220 мың түп ағаш егу көзделген.

Гүлім Советқан, Аманжол Жонкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz