Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясын қолдаушылардың қатары күн санап көбейіп келеді.
Бүгінгі ауыл-аймақты көң-қоқыстан тазартып, тал-терек егу шараларына өңірдің 120 мың тұрғыны қатысты. Орал қаласында белсенді жастар Шаған өзенінің жағалауына 1000 түп көшет отырғызды. Ал жалпы өңірде жыл соңына дейін 8 млн түп ағаш егу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысында соңғы 5 жылда мемлекеттік орман қорының аумағына 41 млн түп көшет егілсе, елді мекендерде 727 мың тал-терек тамыр тартыпты. Бүгін өңірдегі жасыл желек қоры тағы мың түп ағашпен толықты. Шаған өзенінің оң жағасына жиналған жастар «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысты.
Дархан Қуатов, қала тұрғыны:
- Өзім терек отырғызған кезде осы теректің тамыры тереңге жайылса екен, осы терек біреуге сая болса екен, көлеңке болса екен. Және де сол теректен шығатын біздің оттегі барша еліміздің, жеріміздің халқына пайдалы болса екен деп өзім ниеттеніп жаңағыдай отырғызамын. Басқа не айтамыз. Тек адамзатқа пайдалы болса екен, жерге пайдалы болса екен.
Жайық жастары биыл «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде 50-ге жуық су өзен-көлдің жағасын қоқыстан тазартты. «Жаңа аула» жобасы бойынша екі жылда 50 балалар алаңын жаңартқан. Қазір «Таза Қазақстан – менің туған ауылымда» жобасын бастапты. Жастар алдында сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев «Таза Қазақстан» жобасы бір күндік акция еместігіне екпін түсірді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан екі жыл бұрын басталған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы жобасы аясында жалпы Батыс Қазақстан аумағында осы екі жылдың ішінде бес жүз мыңға жуық тұрғын осы акцияға қатысып, 172 мың тонна қалдықтар шығарылған болатын. Және 220 мың гектар аумақ тазартылды. Біздер жалпы мақсатымыз осы облыс көлемінде тек қана бұл бір күндік акция емес, бұл күн сайынғы жалғасатын жұмыстар екенін қайта-қайта айтып жатырмыз. Бүгінгі осы акцияға облысымыздың барлық аудандары-ауылдарынан қатысып жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл өңірде жыл соңына дейін 8 млн түп ағаш егу жоспарланған.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап
Тегтер #Таза Қазақстан #БҚО #қолдау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz