2026 жылғы 27 сәуірде Үкімет «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балықтар мен басқа да су жануарларын ғылыми зерттеулер және көбейту мақсатында алу туралы» қаулыны бекітті. Құжатқа сәйкес, Каспий теңізінде ғылыми зерттеу және популяцияны сақтау мақсатында 60-тан астам итбалықты аулауға рұқсат берілген.Бұл шара жануарлардың санын бақылау, олардың тіршілік ету ортасын зерттеу және көбейту жұмыстарына бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Қаулыда итбалықтарды ғылыми мақсатта аулаумен қатар, еліміздің басқа да өңірлеріндегі өзендерден сирек кездесетін балық түрлерін аулау қарастырылған.
Құжатқа сәйкес, рұқсат етілген:
– 2026 жылғы 27 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында Каспий итбалығының 66 дарасын ғылыми зерттеу және таңбалау мақсатында аулап, кейін табиғи мекен ету ортасына қайта жіберу. Бұл жұмыстар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы Дурнева, Тюленьи, Кендірлі және Ремонтные шалыги (Ақтоты) аралдарында жүргізіледі;
– Арал қылқан балығын ғылыми мақсатта аулап, аналық-аталық қорын қалыптастыру және жасанды көбейту үшін 2026 жылғы 27 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында 500 килограмм көлемінде Іле, Қаратал өзендерінен , Балқаш көлінен және Қапшағай су қоймасынан (Алматы облысы мен Жетісу облысы аумағында)ауланады;
– Нельма балығын ғылыми мақсатта аулап, аналық-аталық қорын қалыптастыру және кейін жасанды көбейту үшін 2026 жылғы 27 сәуір мен 30 қараша аралығында Ертіс өзенінен (Абай және Павлодар облыстары аумағында) 300 килограмм көлемінде ауланады.
Аталған қаулы 27 сәуірден бастап күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан бірнеше ондаған итбалықтың өлексесі табылған еді. Өлекселер Каспий теңізіндегі Құлалы аралында жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Тегтер #Каспий #итбалық #ғылыми зерттеу #24 kz #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz