Павлодар облысында биыл 67 мың ағаш көшетін егу жоспарланған.
Жалпы 2023 жылдан бері облыс аумағында 60 мыңға жуық ағаш егіліп, жасыл желек қоры айтарлықтай жаңарды. Әсіресе қала көшелеріндегі қураған теректер кезең-кезеңімен жойылып, олардың орнына экологиялық әрі сәндік тұрғыдан тиімді жөке ағаштары егілуде. Соңғы үш жыл ішінде қаланың орталық көшелеріне 600-ден аса жөке ағашы егілді. Мамандардың айтуынша, ағаштың бұл түрі қалалық ортаға жақсы бейімделеді. Күтімі жеңіл әрі ұзақ жылдар бойы көлеңке беріп, ауаны тазартады. Өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретін мұндай жобалар ары қарай да жалғасын таппақ. Жуырда ғана қалалық саябаққа 150 дана қарағай көшеті отырғызылды.
Рахымбек Нұрмақов, мердігер компания өкілі:
- Біз 2023 жылдан бастап қала бойынша 622 түп жөке ағашын ектік. Бүгінде олар Астана, Шөкин, Бектұров, Назарбаев көшелеріне ерекше сән беріп тұр. Жөке ағаштарының жерсіну деңгейі шамамен 100 пайызға жуық. Себебі бұл біздің өңірдің табиғи жағдайына жақсы бейімделген ағаш түрі. Көшеттер климаттық ұқсастығына байланысты Ресейдің Челябинск өңірінен әкелінеді, сондықтан олар жергілікті ортада жақсы өсіп, тез тамыр жайды.
Тегтер #Таза Қазақстан #Павлодар облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz