Атырау облысының табиғатын қорғау үшін «Теңізшевройл» компаниясы 4 млрд теңгеге техника сыйлады.
Бұл өңірдің экологиялық инфрақұрылымын дамытуға арналған бастама. Техника су айдындарын тазалауға, тереңдетуге және лайланудың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ жойылып бара жатқан құстарды сақтауға жағдай жасайды.
«Теңізшевройл» компаниясының ірі экологиялық жобасы
Теңізшевройл компаниясы Жайық өңіріне 34 техниканы сыйға тартты. Әр техника бір жұмысты атқарады. Мәселен, Уатермасте (Watermaster) техникасы су бетінде де, құрлықта да жүретін әмбебап аппарат. Ол теңіз түбін тазалап, тереңдетуге мүмкіндік береді. Ал батпақты экскаватор ең қиын жерлерді бағындырады. Бұл техника экожүйеге барынша аз әсер етеді. Осылайша Атырау облысының су-батпақты алқаптары, тайыз сулары және жағалау аймақтарын жөнге келтіреді.
Нұрмұхамед Қартабаев, ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері:
- Бұл техникалар өзен-көлдерді тазалау және де су арналарына күтім жасау және де экологиялық жұмыстарға арналған. Өзінің көмегін тигізеді деп сенеміз. Қоршаған орта ол «Теңізшевройл» компаниясының басты құндылықтары болып саналады. Сондықтан компания қоршаған ортаға көп көңіл бөледі және де алдағы уақытта өзінің көмегін жалғастырады.
Арнайы техникалардың арасында жылжымалы су сорғылар бар. Бұл көктемде керек құрал. Оның көмегімен су ағындарын басқаруға болады. Бұл аппараттар экскаваторлармен бірге жұмыс істейді. Ал крандар мен жүк көліктерін қажетті құралдарды тасуда пайдаланады. Теңізшевройл компаниясы қоршаған ортаға қамқорлығын әртүрлі жолмен жасап келеді. Мәселен, 2017 жылдан бері бекіре өсіру зауытына қолдау көрсетіп жүр. Соның арқасында Жайық өзенінде осы балықтың саны артып отыр. Сондай-ақ компания құстарға ерекше көңіл бөледі. Оларды қорғау мақсатында электр желілеріне оқшаулағыш құрылғылар орнатылған.
Ернұр Рысбай
Тегтер #Теңізшевройл #Атырау #техника #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz