RU
Толық нұсқаға өту

Ақмолада аға буын өкілдері «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты 

12.06.2026, 21:00 45

Ақмола облысындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын белсенді қолдап жатыр.

Олар өз мекемелерінің аумағын абаттандырып, көгалдандырды. Қызмет алушылар 300-ден астам ағаш және шамамен 1000 көшет екті. Сонымен қатар бір миллионға жуық гүл өсіріп, мекеме аумағының көркеюіне өз үлестерін қосты.

Байдолла Өтегенов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында үш жыл бойы тұрып жатыр. Сексеннің сеңгіріне жақындағанына қарамастан әлі де тың, сергек. Қол қусырып отырмай, орталықтың абаттандыру жұмыстарына белсене қатысады.

Байдолла Өтегенов, Щучинск қаласының тұрғыны: 

- Өзіміз тұратын мекеменің айналасына гүл көшеттерін егіп, ауласын сыпырамыз. Бұл біздің үйіміз. Сондықтан оны таза ұстау - міндет. Жеміс ағаштары да бар. Былтыр алма мен шие егіп, саябақ жасадық. 

Мекеме аумағында төрт жылыжай бар. Тұрғындар гүл, көкөніс және жеміс-жидек өсірумен айналысады.

Галина Хейноллайнен, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Қызанақ, қияр, кәді, баялды және өзге де көк шөп түрлерін егеміз. Өнімдерді ас мәзіріне пайдаланамыз. Өз қолымызбен өсірген қияр,қызанақты жегенде жағымды әсер аламыз. Себебі бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, сүйіспеншілігімізбен қамқорлығымызды аямаймыз. 

Нина Жирнова, Щучинск қаласының тұрғыны: 

- Мұндай жұмыс біз үшін өте пайдалы. Көшеттерді суару, арамшөптерін жұлу бойымызға сергектік сыйлайды. Өз қолымызбен өсірген жемістердің жайқалып өскенін көргенде өмір сүргің келеді. Керемет әсерге бөленесің.  

Щучинсктегі орталықта 98 адам тұрады. Олардың шамамен жартысы орталық ғимаратының ауласын көгалдандыруға атсалысады.

Зарина Бірімжанова, Щучинск қ. арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

- «Таза Қазақстан» акциясы аясында апта сайын сенбіліктер өтеді. Сондай-ақ ерте көктемнен бастап аумақты абаттандыру жұмыстарымен айналысып, мекеме аумағына гүл егеміз. Қызмет алушылар бұл үдерістің өзінен ләззат алады, өздерін қоғамға қажет адам ретінде сезінеді. Өздерінің азаматтық ұстанымын танытуға ұмтылады. 

Қазір облыс көлемінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 10 орталық бар. Онда 1400-ге жуық адам тұрады. Мамандардың айтуынша, еңбек өмірге деген құштарлықты арттырып, денсаулықты жақсартуға ықпал етеді.

Шолпан Рахматуллина, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Қамқорлығымыздағы кісілердің өмірі 7 жылға ұзарғанын атап өткім келеді. Бұл маңызды көрсеткіш. Мақсатымыз - олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Әрқайсысы ерте тұрып, өз ісімен айналысады. Мысалы, өзіне бекітілген жылыжайға барып, көшеттерін баптайды. 

Әлеуметтік орталықтағылардың күшімен 18 жылыжай салынды. Ал келер жылы осындай тағы бес кешен тұрғызу жоспарланып отыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Арайлым Шытырымбек, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz