Аралдың құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Кейінгі бес жылдың ішінде аймақта 1 миллион гектардан астам аумаққа сексеуіл егілді. Бүгінде адам бойымен теңескен жасыл желек табиғи түрде өніп өсе бастаған.
Енді алдағы жоспар қандай?
2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанында небәрі 195 мың гектар ғана жасыл желек бар болатын. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасынан кейін бұл жұмыс жаңа серпін алды. Нәтижесінде соңғы 5 жылда 1 миллион гектардан астам аумаққа сексеуіл егілді. Себебі аймақ үшін бұл өсімдік — улы шаң мен тұзды тоқтататын бірден бір табиғи қорған.
Әліби Ғазизұлы, "Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы" РМҚК бас директоры:
- Сексеуілдің пайдасы өте көп. Оны талай рет айтып жүрміз. Бір ғана түбі 4 тоннадан, одан жоғары да сол құм ұстап тұрады. Ол құмның ішінде жаңағы ащы гербицидтер де бар жаңағы Өзбекстаннан келіп жатқан, жаңағы Сырмен келген, Әмудариямен келген. Солар жерге түсіп, қазіргі жермен бірге көтеріліп, табиғатқа, экологияға үлкен зиян келтіріп отырады. Соны тоқтататын бір-ақ нәрсе — ол осы өсімдік. Оның ішіндегі ең бастысы — сексеуіл.
Экологиялық апат аймағын сауықтыру үшін соңғы бес жылда Арал табанына 54 миллион түп сексеуіл көшеті егіліп, 400 мың тоннадан астам тұқым себілген. Бұл ауқымды шараны тұқыммен қамтамасыз ету үшін Қазалы ауданында екі бірдей тұқымбақ үздіксіз жұмыс істеді. Алдағы уақытта Арал аумағынан тағы бір тұқымбақ ашылмақ. Аумағы 15 гектар болатын кешенде жыл сайын жергілікті климатқа бейімделген 3 миллион түп сапалы көшет дайындалады. Сонымен қатар ғалымдар сексеуіл арасына мал азығын егуді де қолға алды.
Самалбек Қосанов, Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ филиалының директоры:
- Малазықтық дақылдарды осы сексеуілдің арасындағы аралықтарға осы малазықтық дақылдарды себуді бастадық. Оның ішінде изен, теріскен, анау түйежоңышқа сияқты алты түрден тұратын осындай шөптерді егіп бастадық және де бұл онымен қатар бұл малазықтық дақылдармен қатар сонымен жаңағы құрамында жаңағы бал бере алатындай осындай өсімдіктерді қазір зерттеп, оны өндіріске енгізу жұмыстарын қарастырып жатырған жағдайымыз бар.
Арал табанын көгалдандыру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Мамандардың мақсаты құрғаған теңіз ұлтанын толықтай жасыл белдеуге айналдыру.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #Арал теңізі #сексеуіл #экологиялық апат #Арал тағдыры #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz