Шараға 23 мың адам қатысып, ауыл-аймақтың тазалығына үлес қосты.
Жалпы өңірде жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 18 рет облыстық сенбілік өтті. Тазалық шараларына 400 мыңнан астам адам атсалысты.
Облыс бойынша ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кезінде 285 гектар аумақ тазартылып, 512 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке 23 мыңға жуық адам мен жүздеген техника жұмылдырылды.
Алина Мұратқызы, облыстық ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Оның ішінде 150-і мемлекеттік орган, 700 кәсіпорын мен шағын және орта кәсіпкерліктер қатысуда және жұмыстарды сапалы орындау үшін 300-ге жуық техника жұмылдырылды. Көктем маусымынан бері 5 мыңға жуық жол тазаланды. Сонымен қатар бүгінгі сенбілік аясында 524 көше тазаланып отыр.
Экологиялық іс-шараға ерікті жастар да үнемі қатысады. Қонаевта өткен сенбілікке спорт мектебінде білім алып жүрген оқушылар да үлес қосты.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Әр ұжымнан 4-5 адам апта сайын қатысып тұрса, бір адам жазда енді бір-ақ рет қатысатын шығар, бірақ қаншалықты соның нәтижесі боларын біз бәріміз көріп тұрмыз. Бізге, табиғатқа, қалаға да өте жақсы болып қалады. Әрине қаламызда туристік маусым басталған соң бұл жерде тазалық енді екі есе болу керек қой. Бұл, бір жағынан, тәрбие, екінші жағынан, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен бір ықпал етеді.
Жыл басынан бері 18 жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылып, оған 418 мың адам қатысты. Жүргізілген санитарлық жұмыстардың нәтижесінде 10 мың тоннадай қоқыс шығарылып, 100 мыңнан аса ағаш егілді. «Экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады», – деді өңір басшысы.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай
Тегтер #Таза Қазақстан #Алматы облысы #таза бейсенбі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz