Орман алқаптарының ауданын арттыру мақсатында Қазақстанда тағы алты тұқымбақ ашу жоспарда бар.
Сонымен қатар әр қаладағы жасыл желектің санағы жүргізіліп, арнайы дендрожоспар құрылмақ. Бұның барлығы да арнайы ғылыми зерттеу негізінде жүргізілетін ауқымды іс-шара. Елдегі орман шаруашылығын ширату ісі қалай жүргізіліп жатыр? Салада қандай мәселе бар?
Қалаларды жасыл желекке бөлеп, елдегі орманды алқаптарды ұлғайту үшін іргелі зерттеу жүргізу керек. Бұл іспен Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты айналысады. Мекеменің Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Риддер, Щучинск қаласында бөлімшелері бар. Әрқайсысы өзіне қарасты өңірді зерттейді. Мәселен, Алматыдағы филиал күнгейде фитомелиорациялық зерттеу жүргізіп, топырақтың ағаш егуге жарамды-жарамсыз екенін анықтайды. Осы мекеменің ұсынысымен Қызылорда облысының шөлейтті аумағында сексеуіл отырғызылып, алқап аумағы ұлғайтылған.
Данияр Досманбетов, Ә.Н. Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қазіргі таңда бұл Арал теңізінің ұлтаны кезінде теңіз болған, сол теңіз тартылып кеткеннен кейін ол жердің құмының басқа жерлерден ерекшелігі бар. Ол жер тұзды, сор болып келеді. Сондықтан кей жерлерін сексеуіл көшеттерін егу жарамағандықтан біз басқа да галафит өсімдіктерін отырғызу бойынша ұсыныс беретін боламыз.
Бұдан бөлек 2025-2028 жылдар аралығында дронмен тұқым себу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ Семей орманы және Шучинскідегі жылыжай үлгісімен елде тағы алты тұқымбақ құру жоспарда бар. Демек, салада атқарылар шаруа шаш етектен. Тек оны іске асыратын кәсіби маман қажет. Айта кетейік, бұған дейін орман шаруашылығы мамандарын оқытуға мемлекеттен 70-80 грант қана бөлінетін. Бұл мәселе үкімет назарына ілінген соң саны екі есеге ұлғайтылды. Оған қоса қазір орманшылардың біліктілігін арттыру орталығын құру жоспарланып отыр.
Мақсат Елемесов, ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда бұл мәселе жіті қаралып жатыр. Орталық құрылысына қаржы іздестірілуде. Оны Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында салу ұсынылып отыр. Себебі бұл қала көлік-логистикасы тұрғысынан ыңғайлы, әрі Қазақстанның орталық өңірінде орналасқан. Яғни өзге аймақтардан орманшылардың осында келіп, біліктілігін арттыруға оңтайлы болмақ.
Ал 2023 жылдан бері орманшылар мен орман өрті станциясы қызметкерлерінің жалақысы біршама өскен. Бұл кадрларды осы салада ұстап қалуға айтарлықтай ықпалын тигізген шара болды, дейді орман шаруашылығы комитетінің өкілі.
Бақыт Топтаева
Тегтер #орман алқабы #тұқымбақ #Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz