2050 жылға қарай әлемде 5 млрд жуық адам қара суға зар болып қалуы ықтимал.
Бұл Жер шары халқының жартысынан көбі. Ал Орталық Азияда мұздықтар түгесіліп, теңіз, өзендер тартылып барады. Оның бір себебі - үнем жоқ.
Біздің ел судың 60 пайызын ауыл шаруашылығына жұмсайды. Осы арада үнемді суару технологиясын жаппай енгізуге көштік. Мұның бәрін алда жасанды интеллект бақылайды. Бір тәуірі халық та ауыз суды бей-берекет төкпейді. Рәсуа азайған.
Аружан ақпарат айдынына енді келген маман. Оны жаһандағы су мәселесі толғандырады. Сол себепті өзі де тіршілік нәрін бір тамшы болса да үнемдеуге тырысады. Жақын-жуыққа да осынысымен үлгі.
Аружан Балғабай, журналист:
- Суды өзім үйде де, жұмыста жүрсем де үнемдеймін. Өйткені көп адам өзінің суды құртып жатқанын байқамайды. Менің кішкентай кезімнен миымда қалыптасқан қол жуып жатсам да, ыдыс жуып жатсам да бір ыдысқа құйып немесе қолды жуып жатқан кезде кранды өшіріп қою, душта да, мысалы, солай-солай қалыптасқан.
Халық саны көбейген сайын мегаполистерде су тұтыну көрсеткіші төмендеп келеді. Яғни көпшіліктің тіршілік нәрін үнемдеуге көшкені байқалады. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр Астана тұрғыны жылына орта есеппен 67,8 текше метр су тұтынған. Алматыда 69,1, ал Шымкенттегі көрсеткіш 62,5 текше метрге дейін төмендеді.
Орташа су тұтыну:
Астана
2024 – 70,9 текше метр
2025 – 67,8 текше метр
Алматы
2024 – 73,3 текше метр
2025 – 69,1 текше метр
Шымкент
2024 – 63,7 текше метр
2025 – 62,5 текше метр
Қарапайым халық қана емес, су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сынды салаларда да жемісті қолданылып жатыр.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Президентіміздің тапсырмасымен озық су үнемдеу технологияларын жыл сайын 150 мың гектарға дейін енгізу тапсырмасы болып саналады. Біз осы көрсеткішті 24 жылы 152 мың га енгізіп, 25 жылы 154 мың га енгізген болатынбыз. Жалпы көрсеткіш осы уақытқа дейін 225,5 мың га көрсетіп отыр. Алдағы таңда бізде 2030 жылға дейін осы көрсеткішті 1,3 млн га жеткіземіз деген жоспарымыз бар.
Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2 түрлі қолдау көрсетіледі. Инфрақұрылым жасақтап, ұңғыма қазамын, су үнемдеу технологиясын сатып аламын дегендерге 80 пайызға дейін субсидия төленеді. Су тасымалдау шығынын өтеуде де көмек бар. 2028 жылға дейін 214 млрд теңге қарастырылып отыр.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Бұл субсидиялар автоматтандырылған. Барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер су үнемдеу технологияларын енгіземіз дегендер жергілікті әкімдіктерге барып, онлайн өтініш қалдырып, осындай субсидияларға қол жеткізе алады.
Қолда барда алтынның қадірін білгенге не жетсін. Біздің елде су үнемдеу 2024 жылдан бері жүзеге асып жатыр. Жарты млн гектар алқапқа тиісті технология енгізілді. Енді кәсіпорындар да су үнемдеудің 5 жылдық жоспарын әзірлеуі тиіс.
Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев
Тегтер #су үнемдеу #жоспар #24KZ #жасанды интеллект жылы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz