RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

+42 градус ыстық пен жаңбыр: синоптиктер тамыз айына болжам жасады

16.07.2026, 17:41 76

Алдағы тамызда Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп түссе, кей өңірлерде аптап ыстық сақталады. Бұл туралы Қазгидрометтің 2026 жылдың тамыз айына арналған консультативтік болжамында айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Синоптиктердің болжамынша, тамыз айында орташа айлық ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады. Алайда Маңғыстау облысында, Атырау мен Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының оңтүстік жартысында ауа температурасы нормадан шамамен 1 градусқа жоғары болуы мүмкін.

Ал Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстік-шығыс аудандарында орташа айлық ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштен 1 градусқа төмен болады деп болжанып отыр.

Жалпы республика бойынша орташа айлық ауа температурасы +21...+29°C аралығында күтіледі. Елдің қиыр оңтүстік-батысында сынап бағаны +30...+31°C-қа дейін көтерілсе, солтүстік, солтүстік-батыс және шығыс өңірлерде +15...+20°C шамасында болады.

Жауын-шашынға келсек, тамызда оның мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан көп болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл және Алматы облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері көпжылдық норма шамасында сақталады. Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Қызылорда мен Түркістан облыстарының оңтүстік-батысында жауын-шашын нормадан аз түсуі ықтимал.

Ай ішінде республиканың көптеген өңірінде өткінші жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі. Кей жерлерде бұршақ жауып, дауыл мен шаңды дауыл болуы мүмкін. Оңтүстік және батыс өңірлерде жекелеген күндері күндізгі ауа температурасы +37...+42°C-қа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады.

Қазгидромет мамандары айлық болжамның консультативтік сипатта екенін еске салады. Ауа райына қатысты нақты мәліметтер онкүндік және қысқа мерзімді болжамдар арқылы нақтыланып отырады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz