RU
Толық нұсқаға өту

Іле Алатауы табиғи паркінде өрт қауіпсіздігі күшейтілді

17.07.2026, 13:00 42

«Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де өрт қауіпсіздігіне арналған іс-шаралар күшейтілді.

Жыл басынан бері мұнда 800 мың турист келді. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Демалушылар шілденің аптап ыстығында тауға ағыла бастағандықтан қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілуде. Парк мамандары мен табиғат қорғау қызметіндегілер арнайы рейд ұйымдастырып, демалушыларға орманда болу ережелерін түсіндірді.

«Іле-Алатауы» ұлттық табиғи паркіне жұмыс күндері 300 автокөлік кірсе, демалыс күндері олардың саны 500-ге жетеді. Мұнда Алматы облысының тұрғындарымен қатар өзге өңірлерден де турист көп келеді.

Лиза Төлежанова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Бізге өте ұнап жатыр, салқыны, желі, самал желі. Рақмет көп-көп. Ағашымен, тауымен Алматы әйгілі ғой. Барынша тазалықты сақтауымыз керек, от жақпаумыз керек. От жаққан күннің өзінде де барынша сөндіріп, топырақпен көміп кетуіміз керек.

Клара Мамасартова, Түркістан облысының тұрғыны:

- Осы Алматының салқын жеріне демалайық деп, Алматының керемет табиғаты, Алатауында демалайық деп бала-шағамызбен келіп отырмыз. Бізге енді ұнайтыны тазалығы, сосын мына атқа міну ұнайды, барлық жағынан жағдай бар. Мына жерде от жақса, мына ағаштың бәрі өртеніп кетеді. Сол үшін отты жақпау керек, тазалықты сақтау керек.

Туристердің көбеюіне байланысты парк аумағында өрт қаупінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар күшейтілді. Ұлттық парк пен табиғат қорғау прокуратурасындағылар бірлескен рейд өткізіп, демалушыларға арналған ережені түсіндірді. Себебі туристік маусым ашылғалы бері мұнда бірнеше заңбұзушылық тіркелген.

Салахадин Ажен, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры:

- Ұлттық парктердегі ең көп таралған заңбұзушылық – орман қорына кіретін аумақтарды ластау. Одан кейінгі орында рұқсат етілмеген жерде от жағу тұр. Біріншісіне 20, ал екінші заңбұзушылық бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 

Ұлттық паркте орман қорын молықтыруға арналған жұмыстар да қызу жүріп жатыр. Жыл сайын 10 гектар жерге ағаш көшеті егіледі. Олардың дені Шренк шыршасы мен Сиверс алмасы. 

Сапар Орманбеков, «Іле Алатауы» МҰТП, Ақсай филиалы директорының орынбасары:

- Осы «Іле Алатау» МҰТП, Ақсай филиалының жоспары бойынша жылына 10 гектар көлемінде көшеттер отырғызылады. Оның 5 гектары шренк шыршасы және сиверс алмасы отырғызылады 5 гектарға. Биыл 2026 жылы көктем мезігілінде 10 гектарға шренк шыршасынан 23040 дана отырғызылды, ал сиверс алмасы 9375 дана отырғызылды. 

Алматы облысында 2028 жылға дейін 52 млн түп көшет егу жоспарланған. «Орманды қалпына келтіруге арналған кешенді бағдарлама бойынша жүзеге асатын мұндай жұмыстар табиғи экожүйені сақтап, орман өртін азайтуға оң ықпал етеді», – дейді мамандар. 

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz