NCOC /ЭнСиОсИ/ компаниясынан 2,3 триллион теңге экологиялық айыппұл өндіріледі.
Яғни Атырау облыстық сотының шешімі заң бойынша жүзеге асады. Бұған дейін NCOC /ЭнСиОсИ/ компаниясы халықаралық арбитраждық трибуналдың түпкілікті шешім шыққанға дейін Қазақстанға айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға уақытша тыйым салғанын мәлімдеген еді. Елдің Әділет министрлігі осы жағдай бойынша өз ұстанымын жариялады. Халықаралық коммерциялық ЮНСИТРАЛ арбитраждың шешімі мемлекеттің өкілеттігін шектеп, қазақстандық сот шешімдерінің күшін жоя алмайды. NCOC /ЭнСиОсИ/ сот шешімін 20 шілдеге дейін орындауға тиіс. Осы мерзім өткеннен кейін мемлекет айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға кіріседі. Оған қоса 10 пайыз көлеміндегі атқарушылық санкцияны өндіріп алуға құқылы.
ЮНСИТРАЛ арбитражы – инвестициялық арбитраж емес, коммерциялық арбитраж. Шетелдік коммерциялық арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде күшіне енбейді. Қамтамасыз ету шарасы экологиялық айыппұлды өндіріп алу туралы күшіне енген сот актісін орындауға кедергі келтірмейді. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қатаң әрекет етеді.
Еске салайық, 2022 жылы облыс экологтары Каспий қайраңында мұнай өндіріп жатқан компанияның қоршаған ортаға шығарған зиянды қалдықтарының мөлшерден асып кеткенін дәлелдеді. Атап айтқанда құрғақ күкіртті сақтауға рұқсат етілген норма 730 мың тонна деп белгіленсе, экологтар оның 1 миллион 750 мың тоннадан асқанын анықтады. Сонымен қатар ауаға тараған улы қалдықтардың көлемі артқан. Осыған байланысты іс қозғалып, NCOC /ЭнСиОсИ/ компаниясына 2,3 триллион теңге айыппұл салынды.
Тегтер #NCOC #мұнай #Атырау облысы #айыппұл #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz