Ақтау қаласының маңында Қызыл кітапқа енген құстарды оңалту орталығы ашылды.
Ондағы мамандар жараланған құстарды емдеп, сауыққаннан кейін қайтадан табиғи мекеніне жібереді. Қазір олар қанаттылардың алтауын күтімге алып, ем-дом жасап жатыр. Көктем мен күз мезгілінде Маңғыстау облысының аумағынан күніне мыңнан аса, жыл құсы ұшатынын ескерсек, аталған орталықтың табиғатқа тигізер пайдасы зор болмақ.
Қызыл кітапқа енген қарақұс Ақшұқыр ауылындағы оңалту орталығына аса ауыр хәлде жеткізілді. Жетібай кен орнынан табылған қыранның қанаты сынып, мұнай өнімдеріне әбден малынған екен. Дер кезінде көмек көрсеткен мамандар қазір оны операцияға дайындап жатыр.
Алина Шарипова, ветеринар-дәрігер:
- Қарақұстың алдыңғы қатардағы ұшу қауырсындары зақымданған. Сондықтан түлеу кезеңінің аяқталғанын күтуіміз керек. Қауырсындары толық жаңарып шыққаннан кейін ғана оны табиғатқа қайта жіберуге болады. Қазір өңірде аптап ыстық болғандықтан, орталыққа көбіне әбден шөлдеп, әлсіреген құстар жеткізіледі. Сондай-ақ түрлі жарақат алған қанаттылар да жиі түседі.
Бұл жабайы құстарға арналған өңірдегі жалғыз мамандандырылған оңалту орталығы. Қанаттыларды қорғайтын игі бастамаға экологтар және қоғам белсенділері және мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйытқы болды.
Меруерт Лыткина, қоғамдық қор жетекшісі:
- Жоба Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен іске қосылды. Мұны ашуға тұрғындардың жарақат алған құстарды тауып, жиі көмек сұрап хабарласа бастағаны себеп болды. Олардың басым бөлігі қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстар.
Жазира Әділбек, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- 2026 жылдан бастап жабайы және Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстарды қорғау бойынша оңалту іс-шараларын жүргізу бойынша мемлекеттік грант ұйымдастырды. Осы жылы осы жобаның алғашқы жылы болып табылады. Алдағы уақытта біз бірнеше жылда ұйымдастырамыз деген үміт бар. Бірнеше жыл ұйымдастыра отырып, біз құстардың не себептен жарақаттанады. Оған қандай факторлар әсер етіп жатыр. Және де өлім жітім жағдайларының не себепті болатыны жөндінде толық материалды талдап болашақтағы жоспарымызға пайдаланатын боламыз.
Жұмысын бастаған алғашқы айдың өзінде орталыққа қарақұс, күйкентай сынды қызыл кітапқа енген бірнеше құс әкелінді. Қанаттыларға екінші өмір сыйлайтын жоба қараша айына дейін жалғасады.
Шыңғыс Қалиден, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев
Тегтер #Ақтау #құстар #оңалту орталығы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz