RU
Толық нұсқаға өту
кадр бейнежазбадан

70 жылдан кейін алғаш рет табиғатқа амур жолбарысы жіберілді

03.08.2026, 15:51 46

Қазақстанда 70 жылдан астам уақыт бұрын жолбарыс жойылып кеткеннен кейін алғаш рет «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Үміт есімді амур жолбарысының ұрғашысы табиғи ортаға жіберілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап «24KZ» хабарлайды.

Бұл – ел тарихындағы маңызды экологиялық оқиға. Ведомствоның мәліметінше, жолбарысты табиғи мекендеу ортасына қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы практикалық қадам жасалды.

Салтанатты шараға Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ресейдің әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығы Байқау кеңесінің төрағасы Константин Чуйченко, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдері, халықаралық табиғатты қорғау ұйымдары және жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасына қатысушы сарапшылар қатысты.

Бүгін біз шынайы тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан аумағынан жолбарыс жоғалып кеткеннен кейінгі 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жыртқыш өзнің тарихи мекендеу ортасына қайта жіберіліп отыр. Бұл – мемлекеттің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көпжылдық жұмысының нәтижесі, – деді министр Ерлан Нысанбаев.

 

Министрлік Оңтүстік Балқаш маңы мен Іле өзенінің алқабы тарихи тұрғыдан Орталық Азияның ең ірі жыртқыштарының бірі – тұран жолбарысының табиғи мекендеу ортасы болғанын еске салды. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғай орман алқабының қысқаруы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерлік салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан толығымен жойылып кеткен болатын.

Жыртқышты қайта әкелуге дайындық 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді. Осы кезеңде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, қоректік база қалпына келтірілді, арнайы бейімдеу вольерлері салынды, қажетті инфрақұрылым жасалып, тұрақты ғылыми мониторинг ұйымдастырылды.

 

2026 жылдың мамыр айында Ресейдің қолдауымен Қазақстанға жабайы табиғаттан ұсталған төрт амур жолбарысы: екі ересек дарақ пен екі марқау жеткізілді. Жануарлар резерваттың арнайы жабдықталған бейімдеу вольерлеріне орналастырылды.

Жолбарыс еркіндікке шығарылар алдында кешенді ветеринарлық тексеруден өтті. Мамандар оның денсаулық жағдайын, мінез-құлқын, аң аулау дағдыларын және адамға реакциясын бағалап, жабайы табиғатта дербес өмір сүруге дайын екенін растады.

Жіберу сәтінде жолбарысқа заманауи GPS/GSM-қарғыбалық тағылды. Қазіргі таңда мамандар оның қозғалысы мен бейімделу процесін спутниктік мониторинг, фотоқақпандар және басқа да заманауи бақылау құралдары арқылы тәулік бойы қадағалап отыр.

 

Аталық амур жолбарысы әзірге мамандардың бақылауында қалып, мінез-құлық тесттерінен өтуде. Оны босату туралы шешім барлық қажетті сынақтар аяқталғаннан кейін қабылданады.

Қазақстанға 6–7 айлық кезінде келген екі марқау арнайы жабдықталған вольерлерде өсіп келеді. Олар 18 айлық жасқа толғанға дейін мамандардың бақылауында болады. Ветеринарлық тексерулер мен тесттерден кейін әрқайсысын табиғи ортаға жіберу мүмкіндігі жеке қарастырылады.

 

Қазіргі заманғы молекулярлық-генетикалық зерттеулер тұран және амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте ұқсас екенін көрсетті. Дәл осы себепті амур жолбарысы Орталық Азиядағы тарихи ареалда бұл түрді қалпына келтіру үшін ең қолайлы бастапқы популяция болып саналады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz