RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақстан ормандарын қорғауға 33 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды

05.08.2026, 11:28 64

«Жасыл даму» АҚ 2024 жылдан бері Қазақстанның мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне, орман резерваттарына, қорықтары мен орман шаруашылығы мекемелеріне заманауи өртке қарсы техникалар сатып алуға 33,1 млрд теңге бағыттады, деп хабарлайды 24KZ.

Қаржыландыру ҚР Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ведомство мәліметінше, кәдеге жарату төлемдері есебінен мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, орман резерваттарына, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелеріне 1 006 бірлік заманауи арнайы техника сатып алынған.

Жаңа техникалардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, түрлі үлгідегі тракторлар және орман алқаптарын қорғауға қажетті өзге де арнайы машиналар бар.

Бұл жұмыстар табиғи өрттерге жедел әрекет етуге, өрт ошақтарына жету уақытын қысқартуға және орман экожүйелерін қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қаржының ең көп көлемі мына өңірлерге бөлінді:

·         Шығыс Қазақстан облысы — 5,05 млрд теңге, 148 техника;

·         Ақмола облысы — 4,94 млрд теңге, 160 техника;

·         Павлодар облысы — 4,44 млрд теңге, 136 техника;

·         Қостанай облысы — 4,10 млрд теңге, 112 техника;

·         Абай облысы — 3,34 млрд теңге, 82 техника;

·         Солтүстік Қазақстан облысы — 3,31 млрд теңге, 107 техника.

Қазіргі таңда сатып алынған техника еліміздің барлық өңірлеріндегі табиғат қорғау мекемелерінде пайдаланылып жатыр. Ол өрт сөндіру топтарын оқиға орнына жедел жеткізуге, аумақтарды бақылауға және табиғи өрттердің алдын алу жұмыстарына мүмкіндік береді.

«Жасыл даму» АҚ экологиялық қауіпсіздікті күшейту, орман қорын сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау бағытындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz