Су - шекарамен шектелмейтін ортақ табиғи ресурс.
Сондықтан трансшекаралық өзендердің суын әділ бөлу, су қоймаларының жұмыс режимдерін өзара келісу және нақты гидрологиялық мәліметтермен тұрақты алмасудың маңызы зор. Түркістанда өткен Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 94-отырысында Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Шараға төрт елдің су министрлері мен суға жауапты мамандары қатысты.
Жиында тараптар вегетацияаралық кезеңде Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерін талқылады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов соңғы жылдары су дипломатиясы саласында жүйелі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде биылғы вегетацияаралық кезеңде ағын су жеткілікті болды.
Сейілбек Нұрымбетов, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы:
- Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде 2,8 млрд текше метр су келуі болжанып, хаттама бекітілген болатын. Қазірдің өзінде 3 млрд текше метрден астам су келді. Ол деген Түркістан, Қызылорда облыстарын егінге қажетті сумен қамтамасыз етуге және Арал теңізі мен көлдер жүйесіне де қазіргі уақытта су беруге мүмкіндік береді.
Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Трансшекаралық өзендер бойынша мемлекетаралық келісімдердің уақтылы әрі толық орындалуы Түркістан облысы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Облыстың су шаруашылығы көршілес мемлекеттерден келетін суға айтарлықтай тәуелді. Біздің өңірге тиесілі су ресурстарының шамамен 63 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Осы су көздерінің есебінен 315 мың гектар суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Тараптар бүгінгі басқосу трансшекаралық су ресурстарын өзара келісім негізінде тиімді басқаруға, су бөлу тәртібін жетілдіруге және мемлекетаралық су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан #Трансшекаралық өзендер #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz