RU
Толық нұсқаға өту

Сегіз елдің сарапшылары Каспий экологиясын талқылады

08.08.2026, 13:00 29

Ақтауда «Caspian Sea Action Week-2026» халықаралық волонтерлік апталығы аясында «Бір Каспий – бір болашақ» халықаралық сараптамалық сессиясы өтті.

Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған жиында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы мен оны сақтап қалудың ортақ тетіктері талқыланды. Жиынға қазақстандық мамандармен қатар, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстаннан келген 2 мыңға жуық сарапшы қатысты.

Сарапшылар Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі, климаттың әсері, гидрометеорологиялық зерттеулер мен экологиялық мониторинг мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Каспий маңы мемлекеттері арасында ғылыми деректер алмасу мен бірлескен зерттеу жобаларын көбейту қажеттігі айтылды.

Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Бүгінде ғылымның рөлі артып келеді. Заманауи зерттеулер Каспий теңізінде болып жатқан үдерістерді тереңірек түсінуге, экологиялық мониторинг жүйелерін жетілдіруге, алдағы өзгерістерді болжауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сессияны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов жүргізді. Ол Каспий теңізін қорғау барлық жағалаудағы елдерге ортақ міндет екенін айтты. Оған қоса 2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануы экологиялық жобаларға жаңа мүмкіндік береді.

Асхат Оралов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Каспий теңізі – барлығымызға ортақ табиғи мұра. Бүгінде Маңғыстау облысы жаңа экологиялық бастамалар қалыптасып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті нығайып, халықаралық ынтымақтастық дамып жатқан маңызды алаңға айналып отыр.

Каспий мәселесін шешуге волонтерлер де белсенді атсалыспақ. Қазір Қазақстанда түрлі бағытта жұмыс істейтін 300 мыңнан астам волонтер бар.

Вера Ким, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы: 

- Қазақстандағы мектептерді пластик жинау мен қалдықтарды сұрыптаудан бастап, «Таза Қазақстан» секілді ауқымды экологиялық жобаларға дейін көптеген бастама жүзеге асырылып келеді. Каспий бағытындағы жобалар жағалауды тазалаумен шектелмей, су сапасын жақсарту мен теңіз деңгейінің төмендеу себептерін зерттеуді де қамтиды.

Алдағы күндері Маңғыстау облысында ғылыми конференциялар, экологиялық акциялар, сараптамалық кездесулер мен волонтерлік жобалар өтеді.

Авторы: Данияр Сұлтанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz