12 тамыз – Каспий теңізі күні. Биыл атаулы дата Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Каспий теңізі күні қарсаңында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық волонтерлік апталығы ұйымдастырылды.
Апталыққа Каспий маңы мемлекеттері – Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Иран және Түрікменстанның делегациялары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері, волонтерлер, экологиялық белсенділер, сарапшылар мен жастар қатысты.
6–7 тамызда экологиялық мониторинг пен ғылыми зерттеулерге арналған халықаралық семинар және дөңгелек үстел өтіп, Каспий экожүйесін сақтау мәселелері талқыланды.
Апта барысында Ақтауда Caspian Clean Challenge экологиялық марафоны өтіп, волонтерлер жағалауды тазалап, қалдықтарды жинап, сұрыптады. Сонымен қатар 80-нен астам ағаш отырғызылып, «Уақыт капсуласы» орналастырылды.
9 тамызда Бозжыра шатқалында Bozzhyra Clean Up акциясы ұйымдастырылса, 10–11 тамызда Caspian Innovation Lab халықаралық хакатоны өтті. Қатысушылар Каспий экожүйесін қорғауға бағытталған жобаларын ұсынды.
Апталықтың қорытынды шарасы бүгін өтетін Caspian Talks халықаралық волонтерлер саммиті болмақ. Жиында хакатон жеңімпаздары марапатталып, Каспийдің өзекті экологиялық мәселелері талқыланады.
Тегтер #Каспий теңізі #экология #волонтерлер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz