Қазақстанда Кертағының (Пржеваль жылқысы) екінші құлыны дүниеге келді, деп хабарлайды«24KZ». Бұл жолы Умбра есімді бие құлындап, елдегі жабайы жылқылар популяциясының табиғи жолмен көбейіп жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл - кертағыларды тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші төл. Еске сала кетсек, алғашқы құлын 2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» орталығында дүниеге келген болатын. Қазіргі таңда Умбра мен оның құлыны бірге, ал мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстап отыр.
Екінші төлдің дүниеге келуі Еуропадан әкелінген кертағылардың қазақстандық дала жағдайына толық бейімделгенін көрсетеді. Бұл болашақта табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру үшін аса маңызды қадам.
Кертағыларды Қазақстанға әкелу жобасы 2024 жылы басталған болатын. Бағдарламаның алғашқы жылы Еуропадан 7 жылқы жеткізілсе, 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 жылқы әкелінді.
Кертағы - Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың жалғыз соңғы түрі. ХХ ғасырда ол жабайы табиғаттан толықтай жойылып кетіп, тек хайуанаттар бақтарында ғана сақталған еді. Қазіргі таңда Қазақстан бұл сирек түрді өз мекеніне қайта жерсіндіріп жатқан елдердің қатарында.
Ауқымды халықаралық жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының, сондай-ақ Прага, Нюрнберг хайуанаттар бақтары, Берлин Тирпаркі, «Хортобадь» ұлттық паркі, Франкфурт зоологиялық қоғамы және Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институтының ғылыми-ветеринариялық қолдауымен жүзеге асырылуда.
Тегтер #Кертағы #құлын #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz