RU
Толық нұсқаға өту
фото: Kazakh Tourism

Бурабайда туристерге арналған электрлі кемелер іске қосылды

31.08.2026, 14:41 20

Бурабайда «Pana Sayakhat» жаңа көлік жүйесінің пилоттық кезеңі басталды. Жоба ұлттық паркке түсетін көлік жүктемесін азайтып, туристерге экологиялық таза қатынас түрлерін ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды 24KZ «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Жоба аясында курорттың көлік көп жүретін аумақтарынан тыс жерлерде, бірінші кезекте Айнакөл маңында арнайы автотұрақтар ұйымдастырылады. Туристер көлігін сол жерде қалдырып, ұлттық парк аумағында экологиялық таза қоғамдық көлікпен қозғала алады.

Жүйенің негізгі жаңалығы – электрлі су көлігі. Алғашқы бағыт Айнакөл мен Бөлектауды байланыстырады. Болашақта аралық аялдамалары бар айналма бағыт іске қосу жоспарланып отыр.

 

Демалыс күндері Бурабайға аптасына 30 мыңға жуық көлік кіреді. Бөлектау бақылау алаңына күн сайын 5 мыңнан астам адам келеді. Олардың басым бөлігі жеке көлігімен жетеді. Ұлттық парк аумағында мұндай көлік ағынына жеткілікті тұрақ салу мүмкін емес. Сондықтан негізгі көлік ағынын сырттағы автотұрақтарға және қоғамдық көлікке бағыттау қажет, – дейді жоба ұйымдастырушылары.

 

Электрлі су көлігі толықтай электр қуатымен жұмыс істейді. Бұл зиянды шығарындыларды азайтып, су айдынының жанармай қалдықтарымен ластану қаупін болдырмайды.

2027 жылдан бастап Бурабай көлінде жанармаймен жүретін су көліктерінің қозғалысын шектеу жоспарланып отыр. Бұл ретте электрлі кемелерді пайдалануға рұқсат етіледі.

Пилоттық кезең аясында көлік бағыттары пысықталып, қауіпсіздік талаптары әзірленеді және жолаушылар ағыны бағаланады. Жиналған тәжірибе экологиялық көлік жүйесін курорттың басқа аумақтарына енгізу кезінде ескеріледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz