RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін жариялады

01.09.2026, 11:35 22

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады. Тиісті қарар Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабылданды, деп хабарлайды «24KZ».

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы жалпы пікірталас барысында ұсынған.

Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды. Бұл бастаманың халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді.
Құжат қоршаған ортаны қорғауға, табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және жасыл желектер аумағын кеңейтуге бағытталған халықаралық күш-жігерді біріктіруге арналған.

Жаңа халықаралық күн аясында мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыру көзделеді.

Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін белгілеу Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі. Акция қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.

Қарардың қабылдануы Мемлекет басшысының тағы бір халықаралық бастамасының жүзеге асқанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл Қазақстанның орнықты даму мен болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін айқындайды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz