Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға алма әкелуге 2026 жылдың соңына дейін уақытша тыйым салды, деп хабарлайды 24KZ.
Құжат 3 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, тыйым алманы Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелуге қатысты.
Алайда шектеуге бірқатар жағдай кірмейді.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін алмаға тыйым салынбайды. Бұл ретте тауардың соңғы баратын жері Қазақстан болмауы керек. Яғни ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттен екіншісіне Қазақстан аумағы арқылы транзитпен тасымалдауға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ 3 қыркүйекке дейін жөнелтілген алма өнімдерін елге әкелуге болады. Ол үшін тауардың экспортқа шығарылғанын растайтын декларация және жөнелтілген күнін көрсететін көлік құжаттары болуы қажет.
Бұдан бөлек, 3 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағына нақты жеткізілген, оның ішінде уақытша сақтау орындарында тұрған алмалар да тиісті құжаттары болған жағдайда елге кіргізіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шара отандық алма өндірушілерді қолдауға және олардың өнімін тұрақты өткізуге жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #алма импорт #шектеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz