RU
Толық нұсқаға өту

Роботакси елдің 3 қаласында сынақтан өтеді

07.09.2026, 07:30 43

Астанада LRT мен қатар трамвай да жүреді. Ал оған дейін қазақстандықтар роботаксимен қатынайды. Яғни таксиде жүргізуші болмайды. Қазір компания мұндай көліктерді сынақтан өткізіп жатыр.

Салалық министрлік пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін арнайы ереже бекітті. 

Қазақстанда көп ұзамай пилотсыз көліктер мен роботаксилер қолданысқа енеді. Яғни темір тұлпарды тізгіндеу үшін енді жүргізуші қажет емес. Көлік өздігінен жүреді. Ақылды жүйе жол ережелерін жатқа біледі. Бағдаршамға бағынады, жаяу жүргіншіге жол береді. Дегенмен жүргізушісіз көліктермен қала көшелерінде жүйткімес бұрын оларды сынақтан қайта-қайта өткізген абзал. Өйткені қауіпсіздік бәрінен маңызды. Салалық министрлік пилоттық режимге арналған тиісті ережелерді бекітті. Компаниялар дайындықты сол құжатқа сәйкес жүргізуі керек. Біріншіден, пилоттық жоба Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылады. Екіншіден, роботаксилер жалпыға ортақ жолдарға шықпас бұрын арнайы полигонда кемінде 100 сағат сынақтан өтуге тиіс.

Жолдас Саханов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің комитет төрағасы:

- Қазақстанда жүргізушісіз және жоғары деңгейде автоматизацияланған көліктерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін ережелер бекітілді. Жүргізушісіз көліктер кез келген жолда жүрмейді. Олар арнайы бекітілген полигондарда және мемлекеттік органдармен келісілген арнайы бағыттарда ғана жүргізіледі. Сонымен қатар көліктерге техникалық жағдайына, бағдарламалық қамтамасыз етуіне және ақпараттық, киберқауіпсіздік талаптары бар.

Роботакси операторының да қызметі реттеледі

Қажет болған жағдайда пилотсыз көлікті арнайы жүргізушілер өз басқаруына ала алады. Алайда оларға бөлек талаптар қойылып отыр. Атап айтқанда, маманның тиісті санаттағы жүргізу куәлігі және кемінде үш жыл тәжірибесі болуы керек. Сол үш жыл ішінде көлік басқару құқығынан айыруға апарып соғатын заңбұзушылыққа қатысы болмауы қажет. Сонымен қатар бекітілген ережеге сәйкес, роботаксилерді қашықтан басқаратын операторлардың да қызметі реттеледі.

Жолдас Саханов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің комитет төрағасы:

- Көліктерді тез жолға шығару емес, жобаның мақсаты – олардың қауіпсіздігін және қажетті деректерді жинау. Осы жоба кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Бірінші кезеңде біз арнайы полигондарда өткіземіз. Содан кейін арнай бағыттарда жүргізушісіз көліктер жүреді. Содан кейін деректерді жинап, ережелерді жетілдіру.

Астанада трамвай жүреді

Астанада жолаушылар үшін көлік түрі көбейеді. Автобус пен ЛРТ-дан бөлек, енді трамвай пайда болады. Жоба қаланың бас жоспарына енгізілген. Трамвай сағатына кемінде 20 шақырым жылдамдықпен жүреді. 2035 жылға қарай 65 бірлік жылжымалы құрам сатып алу жоспарланып отыр. Ал одан кейін 200-ге артады. Трамвай паркін жасақтау үшін 8 га алаң резервке қойылды. Келешек еншісіндегі жаңа көліктің нақты жүру бағдары әзірге белгісіз. Дегенмен ЛРТ жүрмейтін аумақтарды қамтуы мүмкін.

Астанада LRT стансалары көбейеді

Ал Астанадағы LRT-ның жаңа стансалары пайда болады. Қазір жаңа желілердің құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Олар Қосшы, Ескі вокзал және Жағалау аумақтарын қамтиды. Бас-аяғы 26 шақырымнан астам рельс төселеді. Дәлірек айтсақ, Сығанақ көшесінен Жағалауға, сосын «Тұран» мен «Жеңіс» даңғылдары арқылы ескі вокзалға бағытталады. Ал Қосшыға апаратын желі «Астана жұлдызы» стансасынан шығады. Депо мен кейбір стансалар Талдыкөл, Кіші Талдыкөл, Тассуат көлдері мен Сарыбұлақ өзеніне жақын орналасқан.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz