RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде қоқыс шығару тарифі өсті

09.09.2026, 23:45 31

Өскеменде қыркүйектен бастап күл-қоқыс шығару тарифі 2 есе қымбаттады. Бұл өзгеріске қала тұрғындары наразы болғанмен, мердігер компанияның өз айтары бар.

Олардың сөзінше, қызмет көрсету бағасын қайта қарастырмаған жағдайда, мекеме банкротқа ұшырауы мүмкін. 

Өскеменде күл-қоқыс шығарумен екі компания айналысады. Әрбірінің 70 мыңға жуық абоненті бар. Осы айдың басында қалада қоқыс шығару тарифі 431 теңгеден 757 теңгеге, яғни 76 процентке өсті. Бұл өзгеріс қала тұрғындарының көңілінен шықпай, шағымдарын айтуда.

Альфия Закирьянова, қала тұрғыны:

- Меніңше тарифті өсіруге еш негіз жоқ. Өйткені қалада қатты қалдықтар уақытылы жиналмайды. Қоқыс жәшіктері үнемі толып тұрады.

Галина Арбузова, қала тұрғыны:

- Мүмкін олардың тарифті көтергені орынды шығар. Бірақ бәрібір қала тазалығын жақсылап қолға алып, жәшіктерді жиірек тазалау қажет.

Тазалыққа жауапты компания өкілдерінің айтуынша, тарифтің өсуі дәл осы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ауадай қажет. Бүгінде мекемедегі автопарктің тозығы жетіп тұр. Жұмысшылардың жалақысы аз. Сондықтан қызмет ақыны қайта қарастыруға тура келген.

Назгүл Сейтенғазина, «Өскемен Тазалық» мекемесі директорының орынбасары:

- Соңғы рет тарфиті өсіру туралы өтініш 2022 жылы беріліп, мақұлданған еді. Ал содан бері жанар жағар май бағасы қанша рет қымбаттады, қосалқы бөлшектер құны да удай. Біз осыған дейін жоқтан бар жасап келдік. Сондықтан тарифтің қымбаттауы біз үшін көп мәселені шешеді.

Бұған қоса, тұрғындардың қоқыс шығару мекемесі алдындағы қарызы да қордаланып қалған. Бүгінде Өскеменде жұрттың жалпы берешек сомасы 250 млн теңгеге жуықтайды. Жергілікті әкімдік өкілдері де тарифтің қымбаттауын орынды дейді. Бірақ баға өзгергенмен қызмет деңгейі өзгере ме?

Рашид Шерубаев, Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Олар қоқыс жинау орындары мен жәшіктерді жаңарту керек, тазалықты күшейту қажет. Бұл қала үшін өте маңызды. Біз өз тарапымыздан мекеменің халық алдындағы жауапкершілігін бақылайтын боламыз. Биыл әрбір қоқыс алаңқайына QR қод іліп қойдық. Кез келген тұрғын сол парақшаны сканерлеп салаға қатысты арыз-шағымын бізге тікелей жолдай алады.

Күл-қоқыс шығару тарифін қымбаттату арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартқан қалалардың бірі – Риддер. Осыған дейін бұл шаһарды қатты қалдықтардан тазарту күрделі жайтқа айналған болатын. Қазір жағдай жақсарды. Тұрғындардан қала тазалығы туралы сын да азайды. Ал Өскеменде ондай оң өзгеріс бола ма, жоқ па, оны алда уақыт көрсетеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz