Экологиялық мәдениетті қалыптастыру биылғы оқу жылындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі болды.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мектептер мен балабақшаларда ай сайын экосағаттар өткізіледі. Ал Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы оқушыларды суды ұқыпты пайдалануға үйрететін жобаларды жүзеге асырып келеді.
Дариға Ташенова, тілші:
- Cуды пластиктен гөрі мынадай көп рет қолданылатын бөтелкеге құйып алу керек. Себебі пластик адамның денсаулығына да, қоршаған ортаға да едәуір зиян келтіреді. Бұны әркім күнделікті әдетіне айналдыра алатыны анық. Осындай дағдыларға мектептен бастап үйретсе, уақыт өте келе олар міндет емес, қалыпты мінез-құлық болып қалыптасады. Сондықтан бүгінде экологиялық тәрбие жекелеген акциялармен ғана шектелмей, білім беру үдерісіне, отбасылық тұрмысқа және жастар жобаларына да енгізіліп келеді.
Осындай дағдыларды қалыптастыруға бағытталған жобалардың бірін Су ресурстары және ирригация министрлігі қолға алды. Былтыр «Суды үнемде - болашақты сақта» акциясы аясында 2 миллионға жуық оқушы тақырыптық экосабақтарға қатысты. Биыл жоба тағы жалғасып, 300 мың баланы қамтыды. Солардың қатарында елордалық №77 мектеп-гимназиясының оқушылары да бар.
Аяулым Абдулова, Ф. Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Алдағы уақытта су одан сайын азайып барады. Басты мақсат - су ресурстарын қорғап, сақтап қалу. Біздің жобамыз cу ресурстарын бағалау. Жалпы оның мақсаты - ол суды күнделікті үнемдеу, алдағы уақытта оны қорғап, су ресурстарын сақтап қалу. Яғни мында есептер жүргізіліп жатыр. Күнделікті челлендждері қалыптастыру және оны алдағы уақытта ұйымдастыру.
Жасөспірімдердің бастамасын ұстаздар мен ата-аналар да қолдап отыр.
Жұлдыз Мұқышева, Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Жоғары сынып оқушылары, мақтанышпен айта аламын, олардың экологиялық мәдениеті қалыптасып келе жатыр. Ата-аналарымыз да қызығушылық білдірді. Біз өткізген сынып сағатының өзіне әрбір дүйсенбі сайын ата-аналар келіп отырады. Мысалы, бізде биолог ата-аналарымыз бар. Олар осында келіп бізге көмектеседі. Балаларға бірге түсіндіреміз. Сонда балалар тек мектепте ғана емес, отбасында да дәл сондай дағдыны алып жатыр.
Экологиялық мәдениет "Адал азамат - біртұтас тәрбие" бағдарламасында бекітілген негізгі құндылықтардың бірі. Мектеп ұжымы оқушыларды табиғатты аялауға ғана емес, суды және басқа да ресурстарды ысырап етпеуге шақырады.
Нұрлан Ысқақов, Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры:
- Әрбір оқушы қатысып жатқан іс-шара арқылы өзінің бойында табиғатты аялап, қоршаған ортаның сұлулығын сақтай білсе және судың да сұрауы бар, бұлақ көрсең, көзін аш дейді атам қазақ. Атам қазақ жас ұрпақты бір тәрбие құндылығын қалыптастырып келді. Соны біз үзбей, "Адал азамат-біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында үнемшілдікке шақырып отырмыз.
Экологиялық бастамаларға жоғары оқу орындарының студенттері де белсенді араласады. Мәселен, Назарбаев Университетінде 2023 жылдан бері «Дармарка» акциясы ұйымдастырылып келеді. Яғни қажетсіз болып қалған заттарға екінші өмір сыйлау көзделген. Қатысушылар киім-кешек, электронды құрылғылар, ас үй бұйымдары, шыны ыдыстар мен кітаптарын әкеліп, оларды басқа адамдарға таратады
Салтанат Басембекова, NU тұрақты даму кеңсесінің менеджері:
- Қолданылмай жүрген заттарды осында әкеліп, тапсыруға болады. Олар қайырымдылық қорларына немесе әлеуметтік дүкендерге жіберіледі. Сонымен қатар қайта өңдеуге болатын пластик қалдықтар да қабылданады. Олардың қатарында панно-пакеттер және басқа да қайта өңдеуге жарамды заттар бар. Кейін олардан жаңа өнімдер мен материалдар шығарылады. Қазір жастар арасында бұл бағытта үлкен прогресс байқалады. Ең алдымен, мен бұны өз университетімізден көріп отырмын. Біздің түпкілікті мақсатымыз - адам қоқыс жәшігінің алдында тоқтап, «мұны қайта пайдалануға бола ма әлде бұл зат басқа біреуге қажет болуы мүмкін бе?» деп ойлануына ықпал ету.
Сонымен қатар биылдан бастап білім алушылардың волонтерлік мәдениетін дамытуға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына, өзара сыйластық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ерекше мән беріледі. Бұл жұмысқа директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, сынып жетекшілері, мектеп парламенті, волонтерлік клуб жетекшісі, химия және биология пәндерінің мұғалімдері тартылмақ.
Дариға Ташенова, Мейрам Жүнісов, Арман Ақшабаев, Ернар Нысанбай
Тегтер #экологиялық әдет #мектеп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz