RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында жиде мен шренк шыршасының тұқымын жинау басталды

25.09.2026, 20:30 66

Алматы облысында жиде ағашы мен шренк шыршасының тұқымын жинау басталды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға орманшылар мен колледж студенттері және оқушылар қатысып жатыр. Ауыл белсенділері «Күрті орман шаруашылығы» аумағынан 500 келі жиде тұқымын жинауды жоспарлап отыр.

Басты мақсат — табиғи тұқым қорын қалыптастырып, орманды ұлғайту және жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру. Жас орманшылар Бақанас, Шелек, Күрті, Нарынқол орман шаруашылықтарының аумағынан апта бойы 1000 келіден астам жиде мен шренк шыршасының тұқымын жинайды.

Баукен Ерғали, оқушы:

- Біз Қазақстанды, өзіміздің елімізді, халқымызды әрқашан таза ұстауымыз керек. Қоқыс, қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне тастауымыз керек. Көптеген ағаштар егіп, Қазақстан халқына көптеген пайда тигізуіміз керек. Кішкентай жасынан бастап өзі тазалыққа икемді болса, біздің ел де, біздің жер де таза болады деп сенемін.

Облыста 2021-2027 жылдарға арналған орманды молайту, орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асып жатыр. Соған сәйкес, өңірде 52 миллион түп көшет егіледі. Былтыр 17 мың гектар алқапқа 38,3 млн көшет егілген.

Ғабит Ақшабақов, «Күрті орман шаруашылығы» КММ директоры:

- Бүгінгі ауыл, мектеп, Қонаев атындағы орта мектеп және ауыл белсенділері қатысып, сол «Таза Қазақстан» 2 млрд ағаш егу туралы жоспарын орындау мақсатында бірлесе отырып осы ауылдың тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сулы, нулы, орманды, тоғайлы болуына байланысты осы жиде ағашының тұқымын қалай теру бүгінгі жұмыс жоспары сол «Таза Қазақстанның» жүргізілді.

Ауыл белсенділері алғашқы күні-ақ 200 келі жиде тұқымын жинады. Бір аптада бұл көлемді 500 келіге жеткізу жоспарланып отыр. Жиналған тұқым облыс аумағындағы тұқымбақтарға егіліп, екі жылдан соң арнайы дайындалған алқаптарға көшіріледі. 

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz