Қызылорда облысындағы «Қамыстыбас» балық тәлімбағында Арал қаязын жасанды жолмен өсіру басталды.
Яғни Арал теңізінде жойылып кету қаупі төнген сирек балық түрі қайта қалпына келтіріледі. «Қызыл кітапқа» енген балықтың шабақтары қазір арнайы тоғандарда күтіп бапталуда. Мамандардың айтуынша, олардың табиғи ортаға бейімделуі жіті бақылауда болады. Алдағы уақытта өсірілген шабақтарды Арал теңізі мен өңірдегі табиғи су айдындарына жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Арал қаязы бұрын кәсіптік балық ретінде тонналап ауланған. 1978 жылы саны күрт азайғандықтан оны аулауға тыйым салынды. Қазір жойылып кету алдында тұрған бұл балық түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Бүгінде «Қамыстыбас» балық тәлімбағында алғаш рет Арал қаязын қолдан өсіру қолға алынып жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Арал қаязының уылдырығы дәл осы цехта алынған және осы жерде дернәсілге айналдырып, тоғандарға салынды. Қазіргі уақытта бір жаздық балықтың салмағы 45 граммға жетіп отыр дейді мамандар.
Тәлімбақ қызметкерлері бұл балықты тоған жағдайында көбейтуге болатынын дәлелдемекші. Қаяз - өте баяу өсетін әрі кеш жетілетін балық түрі. Сондықтан оның популяциясын толық қалпына келтіру үшін жүйелі мемлекеттік қолдау қажет.
Есенбай Есіркепов, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директоры:
- Тоғаннан жаңа өздеріңіз куә болдыңыздар, шамамен күтіп отырмыз, 5 мың штуктың үстінде балық болады деп отырмыз. Келесі жылдары Балық шаруашылығы комитетінен тапсырыс түсіп жатса, ұсыныс түсіп жатса, табиғи көлдерге жіберуге, онда Арал қаязынан уылдырық ала аламыз деп есептейміз.
Мұнда Арал қаязынан бөлек жойылып кету қаупі бар «Арал пілмайы» бекіресін де көбейту жоспарланған. Бұл сирек кездесетін құнды балық Іле өзенінен жеткізілген.
Ғалымжан Ысқақов, балық шаруашылығы ҒӨО Арал филиалының зертхана меңгерушісі:
- Питомникке әкелінген кезде бұлардың салмағы 100-150 грамм болған бекірелердің салмағы, 7 данасы. Қазіргі таңда жаңа өздеріңіз көргендей, ең ірісі 3,5 килоға дейін өсіп тұр. Келешекте бұл бекірелерден де уылдырық алынатын болады.
Мұндай шаралар «Қызыл кітапқа» енген сирек балық түрлерін сақтап қалуға толық мүмкіндік береді. «Өсірілген балықтарды табиғи су айдындарына жіберу арқылы олардың санын қайта көбейтуге болады»,- дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #Қазақстан жаңалықтары #Арал теңізі #қаяз балық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz