Жыл басынан бері Павлодар облысында апатты қоқыс үйінділері үшін салынған айыппұл көлемі бес миллион теңгеге жуықтады.
Экологтар қалдықтарды заңсыз төгетін орындарды анықтап, оларды жою жұмыстарын жалғастыруда. Мұндай қоқыс алаңдары көбіне қай жерлерде пайда болады және оған кім жауапты?
Құзырлы орган өкілдері заңсыз қоқыс үйінділерін рейдтік шаралар мен ғарыштық мониторингтің көмегі арқылы анықтайды. Тек биылдың өзінде тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдары жиналған жүзден астам қоқыс орыны анықталып, 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Қоқыс үйінділері жойылғанымен көп ұзамай сол аумақта қайта пайда болып жатады.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:
- Заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына негізінен жеке тұлғалар, нақтырақ айтқанда, жеке кәсіпкерлер себеп болады. Олар тұрғындардан жиналған қалдықтарды арнайы полигонға жеткізудің орнына заңсыз қоқыс төгілетін орындарға тастайды. Бұл арқылы шығынды азайтып, көбірек пайда табуды көздейді.
Павлодар облысының табиғатты қорғау прокуратурасының бастамасымен заңсыз қоқыс үйінділері жиі пайда болатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылды. Өңірде тұрмыстық қалдықтар жиналатын 321 нысан бар. Алайда оның үшеуі ғана талапқа сай келеді. Мәселені шешу үшін төрт елді мекенде жаңа полигондар салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жыл сайын бұл полигонға ресми түрде жүз мың тоннадан астам қоқыс жеткізіледі. Дегенмен, кейбір тұрғындар қаржы мен уақытты үнемдеу мақсатында қалдықтарды белгіленбеген жерлерге төгуді жөн көреді. Алайда мұндай үнемдеудің соңы заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына және қоршаған ортаның ластануына әкеледі. Ал пайда болған қоқыс орындарын жоюға бюджеттен қосымша қаржы жұмсауға тура келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан бойынша заманауи қоқыс полигондарын жабдықтауға 53 миллиард теңгеден астам қаржы бөлмек. Павлодар облысында бұл бағыттағы алғашқы қадам жасалып, ірі қоқыс сұрыптау орталығы іске қосылды.
Әлихан Албақов, "Сұрыптау орталығы" ЖШС басшысы:
- Қаланың барлық аумағынан жиналған қоқыс осы орталыққа жеткізіледі. Мұнда жылына 150 мың тоннаға дейін қалдық қабылдауға болады. Бұл облыс көлеміндегі тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге мүмкіндік береді.Орталықта қоқыс түріне қарай сұрыпталады және полигондарға түсетін қалдық көлемін азайтып, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге мүмкіндік туады.
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаның тазалығына қойылатын талап күшейді. Заңсыз қоқыс төккен жеке тұлғаларға шамамен 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл 200 АЕК-ке дейін өседі. Сонымен қатар құқық бұзушылыққа пайдаланылған көлік немесе басқа да мүлік тәркіленуі мүмкін.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар облысы #қоқыс полигоны #24KZ #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz