Медеудегі жөндеу жұмыстары 2028 жылы аяқталады.
Мұз айдыны Алматы тау кластері жобасына кірмегенімен туризм саласының құрамдас бөлігі саналады. Сондықтан оны қайта жаңғырту туралы шешім қабылданған. Оның алғашқы келбетін сақтау басты назарда. Асқақ таулар Алматының тарихы мен экономикасына қалай әсер етті?
Бекзат Үшкемпір, тілші:
- Менің артымда тұрған Алматының басты туристік нысандарының бірі Медеу мұз айдыны. Ашық аспан астындағы мұз айдыны теңіз деңгейінен шамамен 1691 метр биіктікте орналасқан. Мұнда тек қыста ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде келуге болады. Таза ауасы мен табиғаттың тамаша көрінісі бұл жерді туристердің сүйікті орнына айналдырған. Сондықтан мұнда шетелден келген қонақтарды жиі кездестіруге болады.
Халық арасында «Рекордтар фабрикасы» аталып кеткен Медеу мұз айдынының тарихы жарты ғасырдан асады. Бұл жер 19-ғасырда өмір сүрген саудагер әрі меценат Медеу Пұсырманұлының меншігінде болған. Кәсіпкер Іле Алатауының етегіне алғаш боп қыстау салған. Қазақ балаларына арнап мектеп ашқан. Сондықтан ел-жұрт бұл жерді Медеу атап кеткен. Кейін мемлекет меншігіне өтеді. Ал 1972 жылы мұз айдыны салынады. Содан бері саяхатшылардың сүйікті орнына айналды.
Гүлмира Біләлова, Алматы қаласы "Музейлер бірлестігінің" ғылыми қызметкері:
- Жалғыз алматылықтар емес, дүние жүзінен келген қонақтар ең алдымен тауға көтеріледі, Шымбұлақ пен Медеуге барады. Таңқалып керемет әсер береді. Себебі таулар бізде жақын, қалаға жақын болып тұр, тура тиіп тұр. Қаладан жиырма минут шықсаң тауда боласың. 18 шақырым Медеу Алматыдан, сол керемет қызықтырады. Мұз басқан шыңдары, шыршалары, керемет ақ қайыңдар қоршаған, соның барлығы әсер етеді.
Бүгінгі таңда Алматы тау кластері, Almaty SuperSki жобалары жүзеге асып жатыр. Болашақта олар да Медеу, Шымбұлақ секілді қаланың брендіне айналып, туризм секторының дамуына үлес қосады деген сенім мол. Шетелдік туристердің пікірінше, инфрақұрылымды дамыту меймандардың санын арттырады. Әсіресе шаңғы жолдарының көбеюі маңызды.
Тим Крон, турист /Норвегия/:
- Мына жоталар Альпі таулары сияқты шаңғы курорттарын салуға таптырмас орын. Себебі бұл жер өте қолайлы. Артықшылығы, тау мегаполиске жақын жатыр. Сіздер Альпі тауларындағыдай мықты курорттар құра алар едіңіздер.
Райан, турист /АҚШ/:
- Әрине егер таулы аймақты жақсы дамытып, көбірек демалыс орындарын ашса және бағалары қолжетімді болса, Америкадан көп турист келеді деп ойлаймын. Әсіресе жарнама жақсы таралса.
Жыл өткен сайын тау туризміне қызығатындардың саны артып келеді. Сұраныс жақсы болса, жұмыс орындары да көп ашылады.
Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов
Тегтер #Алматы #тау кластері #Almaty Superski #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz