Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйекте жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 8,49 миллиметрге аз болды. Бұл көрсеткіш бойынша қыркүйек 1941-2026 жылдар аралығындағы ең құрғақ айлардың ішінде төртінші орынға шықты, деп хабарлайды 24KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы байқалды. Солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік және шығыс өңірлерде, сондай-ақ батыстың жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері климаттық норманың 30%-ынан аз болды. Кей жерлерде бұл көрсеткіш 10%-ға да жетпеген.
Жекелеген метеостанцияларда айлық жауын-шашын мөлшері өте төмен деңгейге түскен. Мамандардың бағалауынша, мұндай көрсеткіштердің тіркелу ықтималдығы 5%-дан аспайды.
Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды және Алматы облыстарында, сондай-ақ Абай мен Жетісу облыстарында орналасқан 23 метеостанция қыркүйек бойы бірде-бір жауын-шашын тіркемеген.
Дегенмен елдің кейбір аумақтарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асып түсті. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарының жекелеген аудандарында бұл көрсеткіш климаттық норманың 310%-ына дейін жеткен.
Жалпы, 2026 жылғы қыркүйек Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынның аздығымен ерекшеленді. «Қазгидромет» дерегіне сәйкес, климаттық нормадан ауытқу көрсеткіші бойынша бұл ай соңғы 85 жылдағы ең құрғақ қыркүйектердің қатарына енді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ауа райы #қыркүйекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz