RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбені сумен қамтамасыз ететін негізгі жердің астынан жаңа 7 ұңғыма бұрғыланады

10.10.2026, 17:26 35

Ақтөбе қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі жерасты су кен орнында жаңғырту жұмыстары басталды.

Құндақтықыр су қабылдау станциясы маңынан 7 жаңа ұңғыма бұрғыланады. Қосымша су көзін ашу жұмыстары ұлттық жоба аясында жүзеге асырып жатыр.

Құндақтықыр су станциясы осыдан 40 жыл бұрын іске қосылған. Бүгінде ол 600 мың тұрғыны бар облыс орталығын тіршілік нәрімен қамтып отырған стратегиялық нысанның бірі. Алайда мұндағы 21 ұңғыманың жетеуін тот басып, сүзгілері бітелген. Сондықтан су көзін шұғыл жаңарту қажет болды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Алғашқы ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталып кеткен. тереңдігі шамамен 170 метрден 250 метрге дейін жетуі мүмкін. Тиісті су қоры анықталғаннан кейін диаметрі 288 мм болатын пластик құбырлар салынады.

Құндақтықыр кен орнында 7 жаңа ұңғыма бұрғылау жоспарланған. Сонымен қатар нысан толықтай қоршалып, электр желісі тартылады. Жаңа су сорғылау қондырғылары орнатылып, коррозияға төзімді құбырлар жүргізіледі.

Данияр Азамат, "AQTOBE SU-ENERGY GROUP" АҚ Бас инженері:

- Қазіргі таңда 21 ұңғыманың тоғызы ғана жұмысқа жарамды. Бүгінде соның жетеуінен су алып отырмыз, екеуі резервте тұр. Ал жазғы маусымда тоғыз ұңғыма да қатар іске қосылады. Қазіргі жаңғырту жұмыстары қалаға тәулігіне қосымша 12 мың текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.

Құндақтықыр жерасты суын негізінен шаһардың Астана ауданы тұрғындары тұтынады. Қосалқы ұңғымалар қалаға берілетін су көлемін арттырып, құрылысы қарқынды Алтын орда, Жаңақоныс, Бауырластар сияқты аудандарды ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азамат Бекет, қала әкімі:

- Қазіргі кезде қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету шамамен 80 мың текше метр болатын болса, ыстық күндері 120 мың текше метрге дейін жетеді. Әрине бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Соның ішінде тек Құндақтықыр ғана емес, Сарыбұлақ және Моисей су кен орындары іске қосылып жатыр.

Ақтөбенің ауыз су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кешенді жобаның құны — 1 миллиард 122 миллион теңге. Мердігер бұрғылау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz