Құжатты өңірдегі түрлі ағаштың өсіп өнуін зерттеп жүрген жас ғалым, биолог Құралай Әліпина дайындап жатыр.
Ол қаланы көгалдандыруға байланысты ғылыми дәлелденген тұжырымдамасын жақында жергілікті билікке таныстырады. Қазір өңірде жас ғалымдарға қолдау жақсы, дейді жауапты сала өкілдері. Кейінгі екі жылда ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі үш есеге артқан.
Құралай Әліпина Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі «Жас ғалым» конкурстық жобасының жеңімпазы. «Техногендік және климаттық фактордың ағаштарға әсері» тақырыбын екі жылдан бері зерттеп жүр. Мемлекеттік гранттық қаржыландыру арқылы ғылыми жұмысына 26 милиион теңге бөлінді. Сондықтан іссапарлар мен зертханалық жұмыстар шығынына алаңдамайды. Негізгі зерделеу аймағы Өскемен мен Риддер. Болашақта қос шаһардың дендрологиялық картасын жасайды. Бұл экологиялық ахуалы нашар аймақ үшін қажет.
Құралай Әліпина, С. Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- Іссапарларға содан кейін зерттеу лабораториялық зертханаларда жүргіземіз, соған қаржының бәрі бөлініп отырады. Осы жоба соңына мен ұсыныс берем, жоба қолданып отырған жерлерге қандай ағаштар егуге мүмкіндік бар және болашақта қандай ағаштар климаттық өзгеру мен техногендік факторларға төтеп бере алатын ағаштарды егуге ұсыныс жасаймын.
Жас ғалым болашақ биологтар мен орманшыларды да осы салаға тартып, білгенімен бөлісіп жүр. Ағаш діңіндегі сақиналарды өлшеп, оның жасын, өсу қарқынын анықтауды бүге-шүгесіне дейін үйретеді.
Студенттер жетекшісімен бірге өндіріс ошағы көп шоғырланған Риддердегі жасыл желекті де зерттеп қайтқан.
Бекзат Төкенов, студент:
- Біз Риддер қаласында тәжірибе жұмыстарын жасадық, әрине жетекшіміздің көмегімен. Сол жердегі ағаштардың әл-ауқатын жағдайын шіріген-шірімегенін,болашақта пайдасы бар-жоғын зерттеп қайттық.
Жалпы университет қабырғасында мемлекеттік қолдау шеңберінде 708 миллион теңгеге 18 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Гүлнұр Шарапиева, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғылым бөлімінің жетекшісі:
- Жас ғалымдардың зерттеулерін ғылыми әлеуетін өсіру үшін осы 2026 жылға дейін университетке 305 милиион теңгеге жабдықтар алынды. Солардың барлығы іске асырылып жатыр. Олардың бәрін жас ғалымдар қолдануда,ғылыми зертханалардың бәрінде орналасқан.
Оқу орнындағы ғалымдарды баспанамен қамту да назарда. Соңғы үш жылда отыз шақты жас ғалым қоныс тойын тойлады. Ал еліміз бойынша 700-ден астамы баспаналы болды. Айта кетейік, елдегі ғалымдардың 48 проценті жастар. Олардың жобаларына жыл сайын арнай грант бөлінеді.
Авторлары Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #Өскемен #дендрология #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz