RU
Толық нұсқаға өту

Ақмолада жабайы жануарларға қысқы азық дайындау жұмыстары жүріп жатыр

18.10.2026, 10:48 43

Ақмола облысында жабайы жануарларға қысқы азық дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

«Бурабай» ұлттық табиғи паркі ұжымы 600 тоннадан астам жемшөп әзірлеп, қар қалың түсетін жерлерде арнайы қоректену алаңдарын жасақтады. Бұл жұмыстар жануарлардың қыс мезгілінде аман қалып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі дейді мамандар.

Жабайы жануарлардың қыстан қысылмай шығуы үшін биотехникалық шараларды уақытында ұйымдастыру маңызды. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі мамандары жемшөп әзірлігін жаздың ортасында қолға алған. Таулы, орманды жердегі қар қалың түсетін аумақтарда арнайы қоректену алаңдары жасалды.

Максим Пак, "Бурабай" ұлттық табиғи паркінің қызметкері:

– Біздің өңірде қардың қалыңдығы кей жерлерде 50-60 сантиметрге дейін жетеді. Сол уақытта жабайы жануарлар үшін өздігімен азық табу қиындап кетеді. Сондықтан шөп, ағаш сыпырғыштары мен минералды азық түрлерін дайындап қоямыз. Қазірдің өзінде 19 тонна тұз әзірледік. Арнайы алаңдарда орнатылған астауларға жыл бойы тұз сеуіп отырамыз. Ал жемшөппен қоректендіру қараша айынан басталады. 

Ұлттық парк 130 мың гектар аумақты алып жатыр. Бұғы, сібір елігі мен қабандардан бөлек қасқыр, сілеусін секілді жыртқыштар мекендейді. Оларды қыс бойы қоректендіру үшін 600 тоннаға жуық азық дайындалды. 

Бауыржан Махметов, "Бурабай" ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары:

– Биыл  143 мың ағаш сыпырғыш және 400 тоннадан астам шөп дайындадық, одан бөлек жабайы қабандар мен бұғылар үшін жем әзірледік. Ұлттық парк аумағында 124 қоректендіру алаңы бар. Жиналған азық қоры көктемге дейін жеткілікті. 

Облыс аумағында үш ұлттық табиғи парк және 13 орман шаруашылығы мекемесі жұмыс істейді. 161 аңшылық шаруашылығы бар. Олардың бәрінде қыс мезгіліне алдын ала дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. 

Дінәлі Айтқожин, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Жазғы-күзгі кезеңде аңшылық шаруашылықтары, орман және табиғат қорғау мекемелері жабайы жануарлар үшін қысқы кезеңге жемшөп дайындайды. Қорық қызметкерлері азықты арнайы алаңдарға шашып, қажет болған жағдайда жабайы жануарлардың парк аумағындағы қозғалысын бақылып отырады. Бұл қыста жабайы жануарлардың жемнің жетіспеушілігінен өлу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. 

Орманшылар жабайы жануарларды қолдан қоректендіру табиғи жолмен жайылғандай болмайды дейді. Сондықтан бұл әдіс тек қыстың ең қатал кезеңдерінде, жануарларға өздігінен тамақ алу қиын болған мезгілде қолданылады.

Авторлары Елдос Кәкенов, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz