Қазақстанда ирригациялық каналдардағы су шығынын 2030 жылға қарай 50%-дан 25%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Ол үшін суару жүйелері жаңғыртылып, каналдарға су көлемін өлшейтін цифрлық құрылғылар орнатылады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі департаменті директорының орынбасары Сергей Добрынин 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Министрлік мәліметінше, Қазақстандағы ирригациялық жүйелердің жалпы ұзындығы 45 мың шақырымға жуық. Оның 95%-дан астамы елдің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарында суару жүйелері көп.
2021 жылдан бері шамамен 7 мың шақырым ирригациялық жүйе жөнделген. Алдағы уақытта да каналдарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2024 жылы бекітілген стратегиялық құжаттарға сәйкес, жалпы 14,5 мың шақырым суару жүйесін жөндеу көзделген.
Сергей Добрыниннің айтуынша, каналдардың шамамен 70%-ы топырақтан салынған. Сондықтан суару жүйелерін жаңарту кезінде судың сіңіп кетуін азайтуға және оны тиімді пайдалануға басымдық беріледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша су ысырабын 47%-ға дейін азайттық. Биыл реконструкция жұмыстарын жүргізу арқылы бұл көрсеткішті 43%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз, – деді Сергей Добрынин.
Су шығынын бақылау үшін каналдардың басы мен соңына арнайы датчиктер орнатылады. Олар жүйеге қанша су кіріп, қанша су шыққанын есептеуге мүмкіндік береді. Қазір цифрландыру жұмыстары 4,5 мың шақырымға жуық каналдың жобалық құжаттамасына енгізілген.
Бұдан бөлек, мемлекет су үнемдеу технологияларын орнататын шаруаларға берілетін субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтқан. Яғни фермер су үнемдеу технологиясына 10 миллион теңге жұмсаса, оның 8 миллионын мемлекет өтейді.
Фермерлерге субсидия қарастырылған. Министрлік құрылғаннан бері субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайттық. Мысалы, фермер су үнемдеу технологиясын орнатуға 10 миллион теңге жұмсаса, оның 80%-ын мемлекет өтейді, – деді Сергей Добрынин.
Су қорын көбейту үшін жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Биыл Түркістан облысындағы Қарақуыс және Бәйдібек ата су қоймаларын, сондай-ақ Жамбыл облысындағы Андас-3 су қоймасын пайдалануға беру жоспарланған. Ал келесі жылы тоғыз су қоймасын жөндеу көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, каналдарды жаңғырту, су шығынын цифрлық бақылау және су үнемдеу технологияларын енгізу су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #су шығыныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz