RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақ даласында керқұланның алғашқы құлындары дүниеге келді

22.10.2026, 11:45 39

Қазақстанда керқұланды (Пржевальский жылқысын) тарихи мекеніне қайтару жобасы жаңа кезеңге өтті. 2026 жылы реинтродукция орталығында жойылып кету қаупі төнген жабайы жылқының екі құлыны дүниеге келді. Қазір елдегі керқұланның  жалпы саны 22 басқа жетті. Ал 2029 жылға дейін олардың санын көбейтіп, тұрақты популяция қалыптастыру үшін елге тағы жануарлар әкелу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «24KZ».

Жабайы жылқы Қазақстанға қайта оралды

Керқұланды Орталық Қазақстан даласына қайтару жұмыстары жануарларды елге жеткізуден бірнеше жыл бұрын басталған. 2023 жылғы 24 сәуірде Астанада өткен Қазақстан-Чехия бизнес-форумы аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы арасында сирек кездесетін жануарларды қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта Пржевальский жылқысын сақтап қалуға және тарихи мекеніне қайтаруға басымдық берілді.

Пржевальский жылқысы 1960 жылдардың соңына қарай табиғи ортада жойылып кетті. Содан бері бұл түрді сақтап қалу және қайта көбейту жұмыстары негізінен арнайы орталықтар мен хайуанаттар бақтарында жүргізілді.

Қазақстан аумағы да бұл жануардың тарихи таралу аймағына кірген. Пржевальский жылқысы қазіргі Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағын, сондай-ақ еліміздің бірқатар оңтүстік-шығыс өңірлерін мекендеген.

Қазақстанға 22 жылқы жеткізілді

Пржевальский жылқыларын Қазақстанға кезең-кезеңімен әкелу 2024 жылы басталды. Сол жылы елге алғашқы жеті жануар жеткізілді. Оның біреуі – еркек, алтауы – ұрғашы жылқы.

2025 жылы Қазақстанға Прага хайуанаттар бағы мен Венгриядағы «Хортобадь» ұлттық паркінен тағы жеті жылқы әкелінді.

Ал 2026 жылы «Әліби» орталығына сегіз жануар жеткізілді. Оның төртеуі Прага хайуанаттар бағынан, төртеуі Берлиндегі «Тирпарк» жануарлар паркінен әкелінген.

Осылайша, Қазақстанға жеткізілген Пржевальский жылқыларының саны 22 басқа жетті. Оның 20-сы шетелден әкелінсе, екеуі Қазақстанда дүниеге келген құлындар.

Жылқылар табиғи ортаға жіберіле бастады

Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – жануарларды табиғи ортаға бейімдеп, еркіндікке жіберу.

2025 жылғы 4 маусымда қазақ даласына керқұланның  алғашқы тобы табиғатқа жіберілді. Еркіндікке шыққан алты жануардың арасында Зорро есімді айғыр мен бес ұрғашы жылқы болды.

2026 жылғы 25 мамырда тағы бес жылқы табиғи ортаға жіберілді. Бұл топта Галван есімді айғыр мен төрт ұрғашы жылқы бар. Жануарлардың қозғалысын бақылау мақсатында олардың екеуіне спутниктік қарғыбау тағылды.

Мұндай бақылау жылқылардың жаңа мекенге бейімделуін, қозғалыс бағытын және тіршілік ету ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Жиналған деректер жануарларды одан әрі табиғатқа жіберу жұмыстарын жоспарлауға да көмектеседі.

Алғашқы құлындар дүниеге келді

2026 жыл жоба үшін ерекше нәтижелермен есте қалды. 22 тамызда реинтродукция орталығында Берлиндегі «Тирпарк» жануарлар паркінен әкелінген Пржевальский жылқысы алғашқы құлынын дүниеге әкелді.

Арада сегіз күн өткен соң, 30 тамызда Умбра есімді биенің де құлыны туды.

Қазақстанда осы түрдің төл беруі – оны елімізде қайта көбейту жұмыстарының маңызды нәтижесі. Бұл жануарлардың жаңа ортада өсіп-өнуіне жағдай жасауға бағытталған шаралардың жалғасып жатқанын көрсетеді.

Кертағының табиғи ортада тұрақты популяциясын қалыптастыру үшін жануарларды көбейту ғана емес, олардың тіршілік етуіне қолайлы аумақты сақтау, бейімделуін бақылау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды.

40 жылқы әкелу жоспарланған

Жобаның негізгі мақсаты – Пржевальский жылқысын Қазақстанның далалық экожүйесіне қайта енгізіп, табиғи жағдайда өздігінен тіршілік ете алатын тұрақты популяция қалыптастыру.

Осы мақсатта 2029 жылға дейін Қазақстанға тағы 40 бас Пржевальский жылқысын әкелу жоспарланып отыр. Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, жануарлардың жағдайы мен табиғи ортаға бейімделу нәтижелері ескеріледі.

Керқұланды тарихи мекеніне қайтару – сирек кездесетін жануарларды қорғауға және Қазақстанның табиғи биоалуантүрлілігін қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама. Қазақстанда дүниеге келген алғашқы екі құлын осы жобаның келешегіне деген үмітті арттыра түсті.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz