Қазақстанда соңғы жеті жылда экология саласында бірқатар өзгеріс болды. Атап айтқанда, орманды қорғау шаралары күшейтіліп, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу көрсеткіштері артты. Сонымен қатар қоршаған ортаның жай-күйін бақылауға арналған цифрлық жүйелер енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Экологиялық заңнама жаңарды
Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, Бірыңғай экологиялық портал әзірленді. Елдің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық іс-қимылға Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі мақұлданды.
Өсімдіктер дүниесі туралы заң қабылданып, 2025–2035 жылдарға арналған Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау және тұрақты пайдалану тұжырымдамасы бекітілді. Сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау және қазақы ит тұқымдарын сақтау мен көбейту мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Экологиялық талаптарды өндіріс орындарының жұмысына енгізу бағытында да бірқатар шара қолға алынды. Ең озық қолжетімді техникалар бойынша 23 анықтамалық және оларға қатысты 23 қорытынды бекітілді. Өндірісті жаңғырту мен озық технологияларды енгізуді көздейтін 36 кешенді экологиялық рұқсат берілді.
Мемлекеттік жоспарлау құжаттарына стратегиялық экологиялық бағалау тетігі енгізілді. Бұл қоршаған ортаға төнуі мүмкін қауіптерді жоспарлау кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді.
Өндіріс орындарының экологиялық бақылауы күшейді
Ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бақылау үшін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр. Қазір 90 ірі кәсіпорында эмиссияларды нақты уақыт режимінде тіркеп, деректерді тиісті органдарға жіберетін жүйелер жұмыс істейді.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы мәліметтерді бір жерге жинақтау үшін Ұлттық деректер банкі іске қосылды. Сонымен қатар кешенді экологиялық рұқсат беру кезінде адами факторды азайту мақсатында «Сфера-Контроль» цифрлық жүйесі енгізілді. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін EcoAgent жүйесі де экологиялық ақпаратты талдап, ықтимал қауіптер мен ауытқуларды анықтауға бағытталған.
Ресми мәліметке сәйкес, 50 ірі кәсіпорынның зиянды заттар шығарындылары 148 мың тоннаға немесе 7,2%-ға азайған.
Ал Экологиялық кодекске сәйкес, бірінші және екінші санаттағы нысандарға қатысты экологиялық бақылау тетігі енгізіліп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету мүмкіндігі кеңейтілді.
Орманды қорғау мен көгалдандыруға басымдық берілді
Министрлік мәліметінше, соңғы жылдары орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарған. Көрсеткіш 58%-дан 92%-ға дейін өсті. Осы мақсатта 2 204 бірлік өрт сөндіру және патрульдік техника сатып алынды. Оның ішінде 463 өрт сөндіру көлігі, 540 шағын орман өртін сөндіру кешені, 866 трактор және 335 патрульдік әрі жүк көлігі бар.
Ормандарды авиациялық қорғау аумағы 782 мың гектарға ұлғайып, 8,869 миллион гектардан 9,651 миллион гектарға жетті. Ал орман өрттерін ерте анықтау жүйесі 3 миллион гектардан астам аумақта енгізілді.
Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы да орындалған. 2021–2025 жылдары елді мекендерде 18,1 миллион ағаш егілді.
Жалпы, соңғы жылдары орман қорының аумағы 850 мың гектарға ұлғайып, еліміздің ормандылығы 5,15%-ға жетті. Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 миллиард 648,4 миллион ағаш 1 миллион 74 мың гектар жерге отырғызылғаны көрсетілген. Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 миллион гектар аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.
Орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлерінің орташа жалақысы да өскен. 2019 жылы 120 мың теңге болса, 2026 жылы 250 мың теңгеге жетіп, екі еседен астам артты.
Қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші өсті
Қалдықтарды басқару мәселесі де экологиялық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды қоспағанда, барлық қалдық түрін басқарудың 2025–2035 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Елді мекендерді заңсыз қоқыс үйінділеріне қатысты ғарыштық мониторингпен қамту көрсеткіші 16-дан 46-ға дейін өсті. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6%-ға жетті. Бұл бағыттағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыруға 185 миллиард теңге бөлінген.
Сонымен қатар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары бойынша жалпы сомасы 293,3 миллиард теңгені құрайтын үш инвестициялық келісімге қол қойылды.
Табиғи ресурстарды есепке алу мен бақылау да цифрландырылып жатыр. Tabigat.gov.kz интерактивті картасы негізінде жалпы қамту аумағы 3,7 миллион шаршы шақырымнан асатын мемлекеттік табиғи ресурстар кадастры жүргізіледі. Онда мемлекеттік орман қорының шекаралары мен басқа да табиғи нысандар көрсетіледі.
Каспий мен Жайыққа назар аударылды
2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» жұмысын бастады. Институттың негізгі міндеттері — Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қоршаған ортаның жай-күйін бақылау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Қазақстан мен Ресейдің трансшекаралық Жайық өзені алабының экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастығы да жалғасып келеді. Ресми дерек бойынша, өзеннің жылдық ағыны 7,82 текше шақырымға дейін ұлғайған.
Қазақстанда экологиялық заңнаманы жетілдіру, орманды қорғау, қалдықтарды басқару және цифрлық бақылау жүйелерін енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Алдағы кезеңдегі басты міндет — қолға алынған шаралардың нәтижесін тұрақты көрсеткіштермен бекітіп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #экологияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz