RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстан экологиялық тиімділік рейтингінде Орталық Азияда көш бастады

22.10.2026, 12:40 47

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында экологиялық тиімділік жөнінен бірінші орынға шықты. 2026 жылғы халықаралық рейтингте еліміз 177 мемлекеттің ішінде 84-орынға ие болып, 41,26 балл жинады, деп хабарлайды 24KZ Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Елдердің экологиялық жағдайын салыстыру үшін АҚШ-тағы Йель және Колумбия университеттерінің зерттеушілері әзірлеген Экологиялық тиімділік индексі (Environmental Performance Index, EPI) қолданылады. 2026 жылғы рейтингке 177 мемлекет енген. Бағалау 47 көрсеткішке негізделіп, олар 12 санатқа және үш негізгі бағытқа топтастырылған. Олар – халық денсаулығына әсер ететін экологиялық факторлар, экожүйелердің жай-күйі және климаттық саясат. Әр мемлекетке экологиялық мақсаттарға қол жеткізу деңгейіне қарай 0-ден 100 балға дейін беріледі. Балл неғұрлым жоғары болса, рейтингтегі орны соғұрлым жақсы.

Әлемдік рейтингте Эстония 74,79 балл жинап, бірінші орынға шықты. Екінші орында – Люксембург (74,24 балл), үшінші орында Ұлыбритания (71,51 балл). Алғашқы ондыққа Финляндия, Нидерланд, Германия, Франция, Норвегия, Швеция және Австрия да кірді. Үздік ондықтың барлығы – Еуропа мемлекеттері. Рейтингтің соңғы сатысында негізінен Азия мен Африка елдері тұр. Ең төменгі, 177-орынды Лаос иеленді. Оның көрсеткіші – 21,78 балл. Үндістан 22,46 баллмен, Бангладеш 23,46 баллмен, Мали 23,56 баллмен және Вьетнам 23,82 баллмен одан сәл жоғары орналасқан. Бірінші және соңғы орын алған елдердің нәтижесі арасындағы айырмашылық 53 балдан асты.

Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстаннан кейін Өзбекстан 121-орынға (34,79 балл), Түрікменстан 123-орынға (34,64 балл), Қырғызстан 131-орынға (33,75 балл) жайғасты. Аймақтағы ең төмен көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі. Ол 26,75 баллмен 165-орынға орналасты. Осылайша, Қазақстан Өзбекстаннан 37 сатыға, Қырғызстаннан 47 сатыға озып тұр.

Халық денсаулығына әсер ететін экологиялық факторлар

Халық денсаулығына қоршаған ортаның әсерін бағалайтын бағытта Қазақстан әлемде 83-орынға ие болып, 45,21 балл жинады. Түрікменстан 43,85 баллмен 88-орынға орналасты. Қырғызстан 130-орынға, Өзбекстан 132-орынға, Тәжікстан 171-орынға жайғасты. Бағалау кезінде ауаның ластануы, ауызсудың қауіпсіздігі, санитарлық жағдай, ауыр металдардың әсері және қалдықтарды басқару ескеріледі.

Экожүйелердің жай-күйі: Өзбекстан алда

Экожүйелердің жай-күйі бойынша аймақта көшбасшы Өзбекстан болды. Ол 43,18 баллмен әлемде 90-орынға ие болды. Түрікменстан 42,35 баллмен 96-орынға, Тәжікстан 115-орынға орналасты. Қазақстан 122-орынға, Қырғызстан 133-орынға жайғасты. Бұл бағытта биоалуантүрлілікті сақтау, орман, шалғын мен жайылымдардың жағдайы, ауыл шаруашылығының қоршаған ортаға әсері, ауаның ластануы және су ресурстары бағаланады.

Климаттық саясат: Қазақстанның көрсеткіші жақсарған

Климаттық саясат бағыты бойынша Қазақстан Орталық Азияда тағы да бірінші орынға шықты. Еліміз әлемдік рейтингте 43,3 баллмен 67-орынға ие болды. Қырғызстан 33,06 баллмен 106-орынға, Өзбекстан 26,08 баллмен 136-орынға орналасты. Тәжікстан 16,21 баллмен 159-орынға, Түрікменстан 15,39 баллмен 161-орынға жайғасты.

Бұл санатта парниктік газдар шығарындыларының өзгерісі, оның халық саны мен экономика көлеміне шаққандағы деңгейі және алдағы кезеңге арналған болжамдар ескеріледі. EPI деректеріне сәйкес, Қазақстанның климаттық көрсеткіші соңғы он жылда 27,91 балға жақсарған. Дегенмен метан мен азот тотығы шығарындыларының өзгерісі сияқты жекелеген көрсеткіштер бойынша еліміздің орны әлі де төмен.

Ауа сапасы: Түрікменстанның көрсеткіші жоғары

Ауа сапасын бағалау бойынша Орталық Азияда ең жоғары нәтиже Түрікменстанға тиесілі. Ол әлемде 53-орынға ие болды. Қазақстан 92-орынға, Қырғызстан 131-орынға, Өзбекстан 159-орынға, Тәжікстан 168-орынға орналасты. Бұл санатта ауадағы ұсақ бөлшектер мен басқа да зиянды заттардың адам денсаулығына әсері ескеріледі.

Ауызсу мен санитария: Қазақстан мен Өзбекстан қатар

Ауызсудың қауіпсіздігі мен санитарлық жағдай бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орынға шығып, әлемдік рейтингте 59-сатыға жайғасты. Өзбекстан одан үш орын төмен, 62-орында тұр. Түрікменстан 79-орынға, Қырғызстан 81-орынға, Тәжікстан 118-орынға орналасты. Осы бағытта Қазақстан мен Өзбекстанның нәтижелері бір-біріне жақын, ал қалған мемлекеттердің көрсеткіштері төмен.

Ауыр металдардың әсері: аймақтағы төрт ел рейтинг соңында

Қоршаған ортаның ауыр металдармен ластануының адам денсаулығына әсері бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің көрсеткіштері төмен. Бұл санатта қорғасынның адам денсаулығына келтіретін зияны бағаланады. Қазақстан аймақта ең жоғары нәтиже көрсетіп, әлемде 118-орынға ие болды. Қырғызстан 168-орынға, Түрікменстан 169-орынға, Өзбекстан 170-орынға, Тәжікстан 174-орынға орналасты. Қазақстаннан басқа төрт мемлекет осы көрсеткіш бойынша әлемдегі ең төмен нәтиже көрсеткен он елдің қатарына кірді.

Қалдықтарды басқару: Өзбекстан Қазақстаннан озып кетті

Қатты қалдықтарды басқару бойынша аймақта Өзбекстан көш бастады. Ол әлемде 67-орынға ие болды. Қазақстан 74-орынға, Қырғызстан 108-орынға орналасты. Түрікменстан 163-орынға, Тәжікстан 165-орынға жайғасты. Бұл бағытта қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі ғана емес, оларды экологиялық талаптарға сай басқару да бағаланады.

Биоалуантүрлілікті сақтау: Тәжікстан алда

Биоалуантүрлілік пен табиғи ортаны сақтау бойынша Орталық Азияда ең жоғары көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі. Ол әлемде 119-орынға орналасты. Қазақстан 128-орынға, Өзбекстан 132-орынға, Түрікменстан 151-орынға, Қырғызстан 161-орынға ие болды. Аймақтағы бірде-бір мемлекет осы санат бойынша әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне кірмеді.

Орман мен жайылымдарды сақтау: елдердің орны әртүрлі

Орманды сақтау көрсеткіші бойынша Түрікменстан әлемде бірінші орынға шықты. Өзбекстан алтыншы, Тәжікстан сегізінші, Қырғызстан 11-орынға жайғасты. Қазақстан 64-орынға ие болды.

Шалғындар мен жайылымдарды сақтау бойынша да Түрікменстан жоғары нәтиже көрсетіп, әлемде сегізінші орынға орналасты. Өзбекстан 11-орынға, Қырғызстан 16-орынға, Қазақстан 24-орынға, Тәжікстан 28-орынға жайғасты.

Бұл жоғары орындар аталған елдерде орман немесе жайылым аумағы ең үлкен дегенді білдірмейді. Рейтингте ағаш жамылғысының азаюы, табиғи шалғындар мен жайылымдардың басқа мақсатта пайдаланылуы ескеріледі. Табиғи аумақтардағы мұндай өзгерістер салыстырмалы түрде аз болған сайын, елдің көрсеткіші жоғарылайды.

Ауаның ластануы: Қырғызстан Қазақстаннан озып тұр

Ауаның ластануының қоршаған ортаға әсерін бағалайтын санатта Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже Қырғызстанға тиесілі. Ол әлемде 46-орынға ие болды. Түрікменстан 80-орынға, Қазақстан 130-орынға, Өзбекстан 155-орынға, Тәжікстан 172-орынға орналасты.

Ауа сапасы көрсеткішінен айырмашылығы, бұл санатта азот оксидтері мен күкірт диоксиді шығарындыларының өзгерісі бағаланады. Аталған заттар қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Ауыл шаруашылығы мен ағынды суды тазарту

Ауыл шаруашылығының экологиялық көрсеткіштері бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орынға шықты. Еліміз әлемдік рейтингте 32-сатыға жайғасты. Тәжікстан 96-орынға, Өзбекстан 121-орынға, Қырғызстан 123-орынға, Түрікменстан 135-орынға орналасты. Бұл санатта тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімділігі ескеріледі.

Ағынды суды тазарту бойынша аймақ көшбасшысы – Өзбекстан. Ол әлемде 14-орынға ие болды. Түрікменстан 92-орынға, Қазақстан 103-орынға, Қырғызстан 116-орынға, Тәжікстан 154-орынға орналасты.

Зерттеу нәтижелері экологиялық саясатты әр бағыт бойынша жетілдіру қажет екенін көрсетеді. Бір саладағы жоғары көрсеткіш басқа бағыттардағы мәселелердің орнын толтыра алмайды. Әсіресе халық денсаулығын қорғау мен табиғи ресурстарды сақтау маңызды. Орталық Азия елдерінің экологиялық жағдайды жақсартуы ұлттық деңгейдегі шаралармен қатар, мемлекеттік шекарадан тысқары мәселелерді бірлесіп шешуге де байланысты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz