Қазақстан биологиялық алуантүрлілікті сақтау және ұтымды пайдаланудың ұлттық тұжырымдамасын бекітті. Меже – 2026-2035 жылдар. Мақсат – экологиялық шығындарды болдырмау үшін алдын ала күресу, деп хабарлайды 24KZ.
Құжатта табиғи капиталды барынша бағалап, тиімді басқару талап етіледі. Жалпы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бұндай халықаралық конвенциясының 1994 жылдан бері қатысушысы. Бірақ осындай ортақ міндеттен бөлек те жеке-дара қоршаған ортаны қорғау қағидаларын жетілдіріп жатыр. Мәселен, 70 жыл жолықпаған Тұран жолбарысы қазақ даласына қайта тұрақтады. Басқа да жабайы жануарларды жерсіндіру ісі жүйелі.
Жер жүзінде Тұран жолбарысының тұқымы жоқ. Тұздай құрыды. Алдымен қарудан қырылды. Негізі аңшылық кәсіп емес, өнер еді. Еріккен дөкейлер оны елемеді. Сосын отаршылдық саясаттан саны азайды. Сондай қыспаққа дейін алып ала мысықтың мысы болатын. Мұхтар Мағауин «Шақан-Шері» романында жазады. «Ол заманда ұзын аққан Сыр-Дария, қамысты қалың Шу бойы қаптаған қалың жыртқыш екен. Ал Іленің етегінде жыпырлап жүрсе керек. Шұбар шері, тіпті, аң қаңғып Алатаудың сай-саласына шығып кететін», – дейді.
Солай жортқан жолбарыстың соңғысы 1948 жылы Іле өзені бойында жойылған. Ал жазушының эпилогына жүгінсек, Жетісудың ең соңғы жолбарысы 1940 жылы оққа ұшқан. Түз тағысының терісі ғана сақтаулы.
Айгерім Төлегенова, ҚР Ұлттық орталық музейі қор сақтау бөлімінің жетекшісі:
– Тұран жолбарысының терісі 1930 жылы ҚР-ғы ұлттық орталық музейіне тапсырылған. Аңшылар ұйымы біздің музейге тапсырған. 1929-1930 жылдары атылып алынған деген мәлімет бар. Міне, содан бері ерекше күтіммен сақтап отырмыз.
70 жылдан аса жолбарысын жоғалтқан жұрттың өлгені тіріліп, өшкені қайта жанғандай. Өйткені Тұран тарғылының өзіндей болмаса да, көзіндей көріп, амурлық түрі елге жеткізілді. Себебі араларында аса айырмашылық жоқ. ДНҚ-сы 95%-дан аса дәлме-дәл. Тіпті, кей ғалымдар он мыңдаған жыл бұрын түп атасы бір екеніне де ерік берген. Сөйтіп, жаңа аналыққа ырымдап, «Үміт» деп ат қойылды. Генетикасы ұқсас Амур – Тұран жолбарысына айналар, үзік қайта жалғанар, – деген үміт. Әзірге тордан жазыққа жіберілгені жалғыз өзі.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:
– Кез келген жабайы аң табиғатқа қайта оралса, ол, әрине, экологиялық баланстың қалпына келуіне оң әсерін тигізеді. Кез келген жыртқыш аң санитар қызметін атқарады. Ауру, қартайған аңды ұстап жейді. Сондықтан біз үшін, кез келген мемлекет үшін жабайы табиғатта осындай баланстың болуы маңызды. Және де ең үлкен жұмыс жергілікті халықпен жұмыс істеу керек. Ертең атып алмау керек. Қылмыстық жауапкершілігі бар жабайы аңның. Алматы облысындағы Іле-Балқаш резерватын болашақта стратегиялық жоспар құрып, әсіресе сафарилік туризмнің дамуына басты назар аудару керек.
Жойылған жолбарысты жоқтап қана қоймай, елде биоалуандықты сақтауға ертеден кіріскен. Еппен еткен еңбек еш кетпеді. Ширек ғасырдай бұрын 21 мың бас киік болса, биыл көктемде көрсеткіш 4 млн 700 мыңға жетті. Қар барысы да қамқорлыққа алынып, тіршілік ортасының 70 пайызға жуығы қорғалады. Жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде 90-шы жылдары құрып кетудің алдында тұрған ілбістің саны 190-ға шамалады. Құла түзде құлан да көп. 5 мыңға жетеғабыл. Енді Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынды. Қазір 22 керқұлан бар. Тағы чех, неміс және мажар жақтан 20-сын алдыру жоспарланған.
Вера Воронова, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры:
– Жаһандық мәселенің бірі – биоәртүрлілікті сақтау жайын экономиканың басқа секторларына, соның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын пайдалану салаларына қалай кіріктіру қажеттілігі. Қоныс аударатын жабайы жануарлар жолына зиян келтірмейтіндей, киіктердің, ал оңтүстік өңірлерде қарақұйрықтардың еркін жортуын бұзбайтындай етіп қалай реттеуге болады? Егіс алқаптарын кеңейткен кезде біз іс жүзінде дала құстары мен жануарларының өмір сүруіне қолайлы мекендерін тартып аламыз.
Биоалуандықты сақтаудың ұлттық тұжырымдамасына сай ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту көзделген. Қорықтар мен ұлттық саябақтар ауданын 31 млн-нан 34 млн гектарға дейін жеткізу. Ал орман алқаптарын 15 млн гектарға дейін арттыру жоспарланған. Мұхтар Мағауинның «Шақан-Шерісіне» шегініс жасасақ. Ондағы эпилогта: «Адам баласы аласталған өлі аймақтардың барлығы да бір заманда нулы, дулы, жасыл жазира болыпты деседі. Осыны ұмытпайық».
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мұрат Әріпханов, Кенже Амраев
Тегтер #24KZ #Таңдаулы #биоалуандылық #тұжырымдамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz