Иә, климаттың өзгеруі – әлемдік қауіп-қатерге айналды. Жаһандық жылыну қарқыны үдеген сайын теңіз бен мұхиттарда оттегі азайып барады. Бұл – әлем үшін өте қауіпті құбылыс. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, суда оттегінің азаюы жыл мезгіліне байланысты емес, деп хабарлайды 24KZ.
Оттегі – тіршілік атаулыға түгел қажет. Балыққа су желбезегі арқылы өтіп, оның құрамындағы оттегі ағзасына тарайды. Өзен-көлдердегі тіршілік сол арқылы жанданып қозғалады, қоректенеді, өсіп-өнеді. Мамандардың айтуына қарағанда, суда оттегі жеткіліксіз болса, ондағы жәндіктер күйзеліске түседі. Теңізден сыртқа шығып қалуына осы себеп. Мәселенің түп төркіні жаһандық жылынуға келіп тіреледі. Өйткені жердің, судың қызуы оттегіні жағып жібереді. Жылы су салқын суға қарағанда оттегіні аз ұстайды. Көлдер мен тоғандарда балықтардың жаппай қырылуы көбіне осы себептен болады.
Ибрахим Әл-Жафари, iLab Marine ғылыми орталығының маманы /Оман/:
– Кейінгі 20 жылда су температурасы 1960 жылдармен салыстырғанда едәуір көтерілді. Мұхиттар көмірқышқыл газын сіңіріп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Алайда су қышқылдығының артуы маржан рифтері мен теңіз түбінде тіршілік ететін омыртқасыз жануарларға кері әсер етеді. Экожүйедегі тепе-теңдік бұзылса, ауру көбейіп, тіршілік азаяды.
Жаһандық жылыну Париж келісімінде белгіленген 1 жарым градустық межеден асып кетуі мүмкін. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында айтылды. Сарапшылар 2035-ші жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын шұғыл екі есе қысқарту қажет екенін айтады. Бұл үшін әлемдік энергиямен жабдықтаудағы көмірдің үлесі қазіргі көрсеткіштен кемінде 55%-ға, мұнай 15%-ға, газдың үлесі 5%-ға қысқаруға тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш ғасыр соңына дейін жаһандық температура 2,6 градусқа көтерілуі мүмкін екенін алға тартып, мемлекеттерді, әсіресе үлкен жиырмалық елдерін, климаттық шараларды жеделдетуге шақырды.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ өкілі:
– Бүгін Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер жағдайға байланысты дабыл қақты. Біз жиі сөз ететін жаһандық жылыну – жойқын күш. Салдары тым ауыр болады. Сондықтан ұйым үкіметтерді, азаматтық қоғамды, ғылыми орта мен жеке секторды бірігуге, ынтымақтастықты нығайтуға шақырып отыр. Әлем үшін алдағы екі аптада нақты шара қабылдау маңызды.
Қазір әлем елдерін әбігерге салып жүрген табиғи апаттарға көбіне Эль-Ниньо климаттық құбылысы себеп. Оның салдарынан күн қатты ысып, жан шыдатпай кетуі де, жаңбыр селдетіп, тұрған мекенің мен басыңдағы баспанаң лезде су астында қалуы да ықтимал. Дүниежүзіндегі өзендердің шамамен 80 пайызында оттегі деңгейі төмендеген. Ең үлкен қауіп тропикалық өзендерге төніп тұр. Әсіресе Гангтағы оттегі азаюы әлемдік орташа көрсеткіштен 20 есе жоғары. Себебі тропикалық өзендердің суы онсыз да жылы болғандықтан, олардағы оттегі деңгейі төмен. Ғалымдар: «Жағдайға адамның да әсері бар», - дейді.
Альваро Силва, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғалымы:
– Эль-Ниньо Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде судың қалыптан тыс жылынуынан туындайды. Бұл құбылыс бірнеше жыл сайын қайталанып отырады. Оның әсерінен жаһан бойынша ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері өзгереді. Бұл – негізінен табиғи құбылыс. Бірақ қазір ол адам әрекетінен ұзақ мерзімді климаттық өзгерістерге себепші болып отыр.
Алдағы 70 жылда өзендер тағы 4-5 пайыз оттегінен айырылуы мүмкін. Мамандар кей аймақтарда нөсер жауын мен су тасқынының жиілеуі 2028 жылға дейін созылуы мүмкін деп отыр. Сондықтан әлем елдерін табиғи апаттарға дайындықты күшейтіп, ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге басымдық беруге шақырады. Ал климаттың өзгеруінің салдарын азайту үшін жаһандық деңгейде парниктік газдар шығарындысын қысқартып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларды жеделдету қажет.
Авторы: Нұрбике Жігер
Тегтер #24KZ #БҰҰ #Оман #экожүйе #оттегі #Антониу Гутерриш #климаттың өзгеруі #Жаһандық жылыну #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz