Жетісу облысында қызыл кітапқа енген аң-құстар мен жабайы жануарлар көбейіп келеді.
«Алтын-Емел» ұлттық паркінде құлан мен қарақұйрықтың жалпы саны 10 мыңға жуықтады. Ал Жоңғар Алатауында 20 шақты қар барысы тұрақты мекен етеді.
Жоңғар-Алатауы ұлттық паркінде Қазақстанның қызыл кітабына енген сүтқоректілердің 6 түрі тіршілік етеді. Құстардың 13, омыртқасыздардың 7 түрі кездеседі. Аңдар мен жануарлардың атылмауын, тұмса табиғаттың бұзылмауын қорықшылар қадағалайды.
Ақан Нұртазин, "Жоңғар-Алатауы" МҰТП Алакөл филиалының директоры:
- Аңдардың түр-түрі бар. Қызыл кітаптағы қоңыр аюымыз бар. Сирек кездесетін қар барысы бар. Маралдардың, еліктердің, тауешкілердің өсімі молайып, өсімі едәуір көбейген.
Облыс аумағындағы тағы бір ұлттық парк Алтын-Емел деп аталады. Оның аумағы 307 мың гектардан асады.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Бұл аймаққа 30-дан аса құлан 1982 жылы “Барсакелмес” қорығынан әкелініп, бұрындары мекен еткен жеріне қайта жерсіндірілді. Содан бергі 44 жылдың ішінде олардың саны 100 есе өсіп, 3,5 мыңға жетті.
Қуат Байтұрбаев, "Алтынемел" МҰТП паркінің директоры:
- Құлан, қарақұйрық, арқар, таутекелер бар, бізде елік те бар. Аңдар да бар бізде. Жыртқыштардың ішінде ілбіс, аю, түркістан сілеусіні, жыртқыштар бізде де бар. Соның бәрін «Алтын-Емел» ұлттық паркі күзетіп қарап жатыр.
Алтын-Емелдегі құландардың бір бөлігі «Іле Балқаш» резерватына жеткізіліп жерсіндіріліп жатыр. Сонымен қатар ерекше қорғалатын аумаққа Амур жолбарысы да жіберілді. Халықаралық деңгейдегі экологиялық жоба жойылып кеткен жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру мақсатында қолға алынды.
Жансерік Елубай, "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:
- Жолбарысты жібермес бұрын мойнына спутниктік қарғыбау таққан болатынбыз. Қазіргі таңда мамандар сол құрылғы арқылы жолбарыстың күнделікті жүріс-тұрыс, қозғалысын, табиғи ортаға бейімделуін қадағалап отыр. Қалыпты, тұрақты жағдайы.
Аймақтағы Алакөл қорығы да өзіндік биоалуандығымен танымал. Резерват 1998 жылы реликті шағаланы сақтау мақсатында құрылды. Жыл құстарының көші-қон жолында жатқан сулы-батпақты алқапты аққу, тырна, қызғылт бірқазан сынды 330-дан астам құс мекендейді. Ерекше қорғалатын аумақ ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне енгізілген.
Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #Жетісу облысы #Қызыл кітап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz