RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстан күн мен жел энергетикасын дамытуға инвестиция тартпақ

09.11.2026, 15:20 52

Қазақстан COP31 саммитінде жасыл және климаттық жобаларды қаржыландыруға арналған арнайы платформаны таныстырады. Оның көмегімен елдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, өндірісті жаңғыртуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жобаларға халықаралық инвестиция тарту көзделген. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Елдос Абақанов 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның ұлттық павильонында 40-қа жуық тақырыптық шара өтеді. Онда отандық жобалар таныстырылып, халықаралық серіктестермен инвестиция тарту мәселелері талқыланады. Негізгі бастамалардың бірі – климаттық қаржыландыру платформасы. Ол елдегі әлеуеті жоғары жобаларды шетелдік инвесторларға ұсынып, оларды жүзеге асыруға қажетті қаражат тартуға мүмкіндік береді.

Биылғы ресми мәлімдемеге сәйкес, COP аясында Қазақстан әлемдік серіктестерге жасыл және климаттық қаржыландыру тартуға арналған арнайы платформаны көрсетеді. Оның басты мақсаты – еліміздегі әлеуеті бар жобаларды таныстырып, соларға қаржы тарту. Париж келісімі аясында құрылған климаттық қорлардың қаражатын пайдаланып, Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болады, – деді Елдос Абақанов.

Қазақстанның климаттық бастамаларының экономикалық әлеуеті де бар. Мәселен, сарапшы елде күн мен жел энергиясын өндіруге мүмкіндік мол екенін атап өтті. Бұл бағытта жаңа электр станцияларын салу халықаралық инвестиция тартуға жол ашады. Бұған қоса, көміртек нарығын дамыту арқылы да қаржы тартуға болады. Ол үшін өндіріс орындарын жаңғыртып, парниктік газ шығарындыларын азайтатын технологияларды енгізу қажет.

Қазақстанның баламалы энергия көздерін дамытуға әлеуеті зор. Еліміздің климаттық және табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, күн мен жел электр станцияларының санын көбейтсек, жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік туады, – деді қоғамдық кеңес төрағасы.

Сарапшы климаттың өзгеруі Қазақстан үшін тек экологиялық емес, экономикалық қауіп те төндіретінін айтты. Орталық Азия климат өзгерісіне ең осал өңірлердің қатарына жатады. Температураның көтерілуі су тасқыны мен құрғақшылық қаупін арттырып, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.

Оның пікірінше, мұндай қатерлерге бейімделу үшін су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық нысандарды жаңарту және инфрақұрылымды климаттық өзгерістерге бейімдеу қажет. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу маңызды.

Қазақстан 2023 жылы 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдаған. Елдің COP31-дегі бастамалары осы мақсатқа жету үшін халықаралық әріптестікті нығайтып, инвестиция тартуға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz