Климаттың өзгеруімен күрес, жасыл экономикаға инвестиция тарту және экологиялық қауіпсіздік.
Анталияда өтіп жатқан COP31 халықаралық конференциясында Қазақстан осы бағыттағы бастамаларын таныстырып жатыр. Еліміздің ұлттық павильонында қоршаған ортаны қорғауға арналған тың жобалармен қатар жасанды интеллектінің мүмкіндіктері де көрсетілген. Конференция аясында климаттың адам денсаулығына қатысты Қазақстан жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы талқыланды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Климаттың өзгеруіне қарсы күреске арналған халықаралық конференция 1995 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Ауқымды жиын биыл 31-рет өтіп жатыр. Маңызды халықаралық басқосуда Қазақстанның ұлттық павильоны да өз жұмысын бастады. Еліміздің ұлттық павильонында табиғатты қорғау бастамаларымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылып отыр. Соның бірі Амур жолбарысының бейнесіндегі виртуалды гид. Үміт пен Амур есімді қос жолбарыс келушілердің сауалына өздері таңдаған тілде жауап беріп, Қазақстанның экологиялық жетістіктерімен таныстырады.
Конференцияның негізгі мақсаты – қабылданған шешімді нақты іске асыру және халықаралық жасыл қаржыландыруды дамыту. Қазақстан да жиында экологиялық талапты сақтай отырып, экономиканы дамытуға басымдық беріп отыр. Яғни өндірістік өсімді қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтумен ұштастыруды көздейді. Бұл бағытта еліміз жасыл экономика жобаларына шамамен 32 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Әлібек Қуантыров, Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Қазақстанның павильонында осы екі аптаның ішінде шамамен 38 сайд-ивент болады, 38 шара. Олар түрлі бағыттағы шаралар. Оның ішіндегі биоалуандықты сақтау, жасыл қаржыландыруды дамыту, жаңартылған энергия көздерін дамыту Қазақстанда және өндірістердің эмиссияларын төмендету және басқалары. Жалпы қазіргі таңда біздің тізімімізде 34-тен астам келісім-шарт жоспарланған.
Серік Егізбаев, Құрылтай депутаты, Аграрлық мәселелер экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы:
- Біздің негізгі мақсатымыз Қазақстан Республикасының, ол Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саясаты, мына экология мәселесі. Соның аясында болып жатқан үлкен ұлттық жобамыз «Таза Қазақстан». Бүкіл әлемге әйгілі Арал мәселесі талқыланып, Қазақстан не істеп жатыр, сол бағытта, соның ішінде Аралдың мәселесін қалай шешіп жатыр, Солтүстік Аралдың мәселесін жалпы біздің Каспий теңіздің мәселесі бар, Балқаш.
Биыл конференцияда алғаш рет жаһандық жылынудың халықтың денсаулығына әсеріне ерекше назар аударылып отыр. Әсіресе климаттық өзгеріс жағдайында ана мен баланың саулығын қорғау үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі, жұқпалы ауруларға қарсы дайындық мәселесі де сөз болды. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі халықаралық әріптестермен бірлесіп жүргізген зерттеудің алғашқы нәтижелерін таныстырып, ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған бастамаларын ұсынды.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Генский университеттің бірлесіп, біздің денсаулық сақтау министрлігімен жасаған алғашқы қорытындысы: негізі репродуктивті жүктіліктің өзгеруіне байланысты жаһандық жылыну кәдімгідей әсер етеді. Соның ішінде жүктіліктің уақытына жетпей босану мәселесі, түсік мәселесі де шын мәнінде, температураның жоғарылауына өзінің әсерін тигізіп, бүгінгі таңда дәлелдер тауып жатыр.
Коринн Капуано, ДДСҰ-ның еуропалық өңірлік бюросы басшысының міндетін атқарушы:
- Мен Қазақстанның павильонына жүкті әйелдер, балалар мен нәрестелердің аптап ыстықтан зардап шегуі мәселесіне арналған іс-шарасына қатысу үшін келдім. Бұл аса маңызды мәселе. Осы кездесу бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілетіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан павильоны ашылған сәттен бастап шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырды. Ұлттық кеңістікте қоршаған ортаға зияны аз өндірістік жобалар таныстырылып, жасыл технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ отандық экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылып отыр. Ал мына «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы келушілердің ерекше ықыласына бөленді. Қонақтар шүберек қиындыларына өз тілектерін қалдырып, қалдықсыз өндіріс идеясын қолдады. Павильон аясындағы панельдік отырыстар мен халықаралық кездесулер ертең де жалғасады.
Авторы Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Қазақстан #COP31 климаттық саммиті #24KZ #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz