RU
Толық нұсқаға өту
ЖИ

Қазақстан су ресурстарын есепке алудың цифрлық жүйесіне көшті

11.11.2026, 09:49 47

Қазақстанда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алып, су ресурстарын түгелдей әрі дұрыс есепке алу үшін цифрлық құралдарды толыққанды пайдалануды міндеттеді. Мемлекет басшысы су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру ісін көпке созбай аяқтау қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Су ресурстары ақпараттық талдау орталығының жетекші талдаушысы Қуаныш Ғаббасов «24KZ» арнасының студиясында айтып берді.

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі – бұл еліміздің су шаруашылығының негізгі деректерін біріктіретін цифрлық платформа. Жүйе 2026 жылғы 4 қыркүйекте өндірістік пайдалануға беріліп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестендірілді. Қазіргі таңда жүйеде су объектілерінің паспорттары, гидротехникалық құрылыстардың сипаттамалары, су қоймаларының күнделікті деректері және гидрологиялық атлас қолжетімді. Сондай-ақ азаматтар бұл деректерді авторизациядан өтпей-ақ еркін көре алады – деді Қуаныш Ғаббасов.

Сарапшының айтуынша, фермерлер мен су пайдаланушылар үшін «Су тұтынуды ерте болжау жүйесі» арнайы жасақталған. Пилоттық режимде жұмыс істейтін бұл жүйе арқылы қазірдің өзінде 30 мыңға жуық келісімшарт жасалып, суаруға өтінім беру, үлгілік шарт түзу және төлем процестері толығымен автоматтандырылған. Бұл қағазбастылықты жойып, су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашты. Сонымен қатар, жүйе Smart Bridge платформасы арқылы 12 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған.

Жүйеге жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр. Оның басты міндеті – су ресурстары туралы ақпаратты талдап, заңдылықтарды анықтау және болашақтағы жағдайды болжау. Бұдан бөлек, республика бойынша 5 су қоймасының “цифрлық егізі” жасалды. Бұл модель арқылы құрғақшылық, су ағынының күрт артуы, су деңгейінің өзгеруі немесе авариялық жағдайлар сияқты түрлі сценарийлерді алдын ала модельдеуге және салдарын бағалауға мүмкіндік бар, – деп атап өтті сарапшы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz